Шыңғырлау ауданының Шыңғырлау ауылдық округі әкімі болып 3 наурызда өткен сайлау нәтижесі бойынша Саида Бркенова басым көпшілік дауыспен сайланған болатын.
Бүгін Шыңғырлау ауылдық округі әкімдігінде жаңа басшыны лауазымына тағайындау рәсімі өтті. Жиынға аудан әкімі Мұрат Өмірәлиев қатысты. Алдымен Шыңғырлау аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлыбек Қалиев округтің жаңа әкімінің еңбек жолы мен өмірінен қысқаша ақпарат беріп, ресми түрде әкім куәлігін табыс етті.
- Аудан орталығында орналасқан үлкен округтің басшылық тізгінін қолыңызға алып жатырсыз. Осы уақытқа дейін жинаған тәжірибеңізді қызметіңізде пайдаланып, аудан игілігі үшін елеулі еңбек етесіз деген сенімдемін. Шыңғырлау ауылдық округін гүлдендіріп, өркендету жолында бірлесіп қызмет ете берейік. Аяқталмай тұрған жұмысты реттеп, алға қойылған мақсаттарға жетіп, құрылған жоспарларды орындай беріңіз, - деп Саида Бркенованы жаңа қызметімен құттықтады аудан әкімі.
Гүлжазира Асу,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz