Бүгін Казталов ауданы орталығындағы Алма Оразбаева мектебінің (бұрынғы) ғимаратында орналасқан ардагерлер ұйымына жолым түсті.
Ұйым жаңа орынға жақында көшіп келді.
- Былтыр желтоқсанда ардагерлер үйі мектеп ғимаратына көшірілді. Көше сала өзіміз бөлмелерге жай жөндеу жүргізіп, ішін қолдан келгенше жаңартып алдық. Ғимаратта ардагерлер ұйымына, әжелер ансамблі мүшелеріне және аналар кеңесіне арнайы бөлмелер бар. Үш бөлмеден тұратын ардагерлердің жаңа орны керек-жарақпен жабдықталған. Жергілікті ардагерлер ұйымының жұмысынан сыр шертетін арнайы бұрыш бар. Аз ғана уақыттың ішінде жай жөндеу жүргізіп, толықтай аяқтауға атсалысқан әріптестерімнің еңбегі зор. Осы орайда қаржылай демеушілік танытқан жерлес бауырымыз Алтай Мұханбетқалиевтің де есімін ерекше атап өтуге болады. Ал жұмысқа қажетті барлық жиһазды Орал қаласынан тегін жеткізіп берген жалпақталдық кәсіпкер Гүлжанат Қайыржанқызына алғысымыз зор, - деді
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жүсіп Шакуов.
Ғимаратта қариялардың бас қосып, жиын өткізуіне, тынығып, шығармашылықпен айналысуына барлық жағдай жасалған.
Былайша айтқанда ардагерлердің бос уақытын тиімді өткізуге мол мүмкіндік бар. Сондай-ақ ардагерлердің газет оқып, ауданның соңғы жаңалықтарынан хабардар болуға, шахмат сынды ойындарды ойнауға да мүмкіндіктер қарастырылған. Аудандық ардагерлер үйінің есігі әрбір ардагер үшін айқара ашық.
Ардагерлер кеңесінің мүшелері аудандағы барлық шараға белсене қатысып, жастарға жол көрсетіп келсе, әжелер ансамблі мен аналар кеңесі ұлттық салт-дәстүрлерімізді насихаттау жолында аянбай қызмет етіп жатыр.
Әсем Болат,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz