27.01.2022, 15:30
Оқылды: 47

Жаңа Қазақстанды ескі жатақханада қарсы ала ма?

Сырым аудандық мәслихатының  депутаты атанғандар арасында біз де бармыз. Жас ұстаз, жас кәсіпкер әрі Тәуелсіздіктің құрдасы ретінде елдің ісіне араласу о бастан міндетіміз еді, міне сол міндет мандатқа айналып отыр. Бұл саяси қызметке біз «Ақжол» демократиялық партиясының атынан кірістік.

3

Депутат -  халық пен билік арасындағы көпір. Ел ішінде шешімін таппай жүрген мәселе қай кезде де кездеседі. Халықтың көкейіндегі сұрақтарды  сессия мен жиындарда  мәселе етіп көтеріп, шешілуіне атсалысудамыз. Аудан орталығында халық көп тұтынатын тамақ өнімдері бағасының тұрақсыздығы, Х. Есенжанов көшесіне жаяу жүргіншілер жолы керектігі, мекемелерде келісімшарт арқылы қызмет жасайтын техникалық персоналдың,  әсіресе күзетшілерінің төмен жалақы алуы, еңбек демалысынсыз жұмыс жасауы – біз айтып жүрген мәселелер. Әсіресе, Жымпитыдағы Сырым колледжіне жаңа жатақхана салу ісі  әлі шешілмей тұр.

4

2021  жылы ауданымызға облыстық мәслихат хатшысы Бибігүл Қонысбаева іссапармен келгенде, сол кісінің жеке қабылдауында болып Сырым колледжіне жатақхана керектігі жөнінде айттым. Көп ұзамай Орал қаласының мәслихат залында жиын өткізіп, хатшы аталған мәселені БҚО Білім басқармасының басшысы А. Мыңбаеваға айтып, құрылыстың қажеттілігі туралы анықтау туралы тапсырма берген болатын. Содан әлі күнге хабар жоқ. Не салынатыны, не салынбайтыны белгісіз! Күні кеше Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров  БҚО облысына 2,6 трлн теңге бөлініп отырғанын мәлімдеді. Бұл қаржыға мұнайды тереңірек өндеу, цемент заводы тағы басқалай жобалар жүзеге асады екен. Соның ішінде, көптен көтеріліп жүрген өңір студенттеріне жатақхана салу мәселесі де бар. Сырым ауданындағы колледж осы игіліктен тағы қағылып қалмайды ма? Облыстық білім басқармасы Жымпитыдағы студенттердің жағдайымен таныс па? Басқарма біздің күйімізді біле ме? Сол ойлантады.

Осындай маңызды сәтте Сырым ауданының орталығынан колледж студенттеріне жаңа жатақхана салынғаны дұрыс. Әлде біздің студенттер ҚР Президенті Қ. Тоқаевтің «Жаңа Қазақстанын» ескі жатақханада қарсы ала ма?

Ақеділ Нұрмашев,

Сырым аудандық мәслихат депутаты,

Жымпиты ауылдық округі

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале