Қазақстан Республикасының Конституциялық реформалар жөніндегі комиссиясы еліміздің жаңа Ата Заңының жобасын жариялады. Бұл – мемлекетіміздің болашағын айқындайтын, тарихи маңызы зор құжат.

Жаңа редакциядағы Преамбулада адам құқықтары мен бостандықтары алғаш рет мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде айқындалды. Егемендік пен Тәуелсіздік, аумақтық тұтастық – өзгермейтін құндылықтар ретінде бекітілді.
Ата Заңның жаңа мәтінінің өзегіне білім мен ғылым, мәдениет пен инновация алынуы – болашаққа салынған берік іргетас. Цифрландыруға ерекше мән беріліп, азаматтардың құқықтарын цифрлық ортада қорғау жөніндегі норма алғаш рет Конституцияда көрініс тапты.
Пропорционалды сайлау жүйесі партиялардың институционалдық рөлін арттырып, олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін күшейтеді. Бұл – саяси мәдениеттің жаңа деңгейі.
Жалпы, Конституцияның жаңа редакциясының алғашқы жобасында Преамбула, 11 бөлім және 95 бапты бекіту ұсынылып отыр.
Ең бастысы – түпкілікті шешімді еліміздің азаматтары жалпыұлттық референдумда қабылдайды. Бұл – халықтың таңдауына, елдің ертеңіне деген зор сенім.
Мира Зұлқашева,
Шыңғырлау ауданы