1.03.2026, 19:00
Оқылды: 2

Жаңа Конституция: Киберқауіпке қалқан

«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының мүшелері Переметный ауылының тұрғындарымен және Белес ауылындағы «БелесАгро» компаниясының ұжымымен кездесіп, алдағы саяси науқанның маңызын түсіндірді.

image-01-03-26-01-17

Кездесуге ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ләззат Рысбекова, білім саласының сарапшысы Зүлфия Көбеева, облыстық мәслихат депутаттары Самат Хасанов пен Нұртай Жұмашев, сондай-ақ жеке кәсіпкер Нұрлан Рахымжанов қатысты.
Жиында алдымен сөз алған сенатор Ләззат Тұяқбайқызы Мемлекет басшысының биылғы 12 ақпандағы Жарлығымен 2026 жылғы 15 наурызға тағайындалған республикалық референдумның тарихи рөліне тоқталды. Жаңарған Ата Заңда халықтың билік қайнар көзі екендігі туралы қағида мызғымас қалпында қалатынын ерекше атап өтті.
-Референдумға қатысу – бұл жай ғана сайлау құқығы емес, бұл әрбір отандасымыздың болашақ алдындағы үлкен жауапкершілігі. Бұл – ел тағдырын айқындайтын шешуші кезең. Сондықтан әрқайсымыз бұл тарихи сәтте бейжай қалмай, саналы таңдау жасауымыз қажет, – деп түйіндеді сөзін депутат.
Ал Зүлфия Көбеева жаңа Ата Заңда заман ағымына сай цифрлық қауіпсіздік мәселесі жіті ескерілгенін айтады. «Қазіргі қолданыстағы Конституцияда бірқатар маңызды түсініктер, атап айтқанда инновация, мәдени мұраны қорғау, экологиялық қауіпсіздік, әлеуметтік жауапкершілік секілді ұғымдар нақты бекітілмеген,-деді ол.- Соның салдарынан кей жағдайда заңдар мен нормативтік-құқықтық актілерде олқылықтар туындап, нақты мәселелерді шешуде қиындықтар пайда болғанын жоққа шығара алмаймыз. Себебі барлық заңдар мен кодекстердің бастауы – Конституция. Егер негізгі заңда нақты норма болмаса, қоғамдағы өзекті проблемаларды құқықтық тұрғыда шешу мүмкін болмай қалады. Мәселен, бүгінгі таңда ең өзекті мәселелердің бірі – цифрлық деректердің қауіпсіздігі. Қазіргі заманда азаматтардың жеке мәліметтері жиі алаяқтардың қолына түсіп жатыр. Күн сайын дерлік тұрғындардың телефондарына шетелдік алаяқтардан қоңыраулар түсіп, түрлі қаржылық қылмыстар жасалуда. 2023 жылы мен қаржылық сауаттылыққа бағытталған жобаның жетекшісі ретінде өңірлерді аралау барысында көптеген ауылдық елді мекендерде алаяқтық әрекеттердің құрбаны болған азаматтармен кездестім. Олардың атына заңсыз несие рәсімделген, ал бұл – еліміздегі цифрлық деректердің жеткілікті деңгейде қорғалмай отырғанының дәлелі. Осы тұрғыда Конституцияға енгізілетін өзгерістер – уақыт талабы».
«KazBatysService» ЖШС директоры Нұрлан Рахымжанов пен облыстық мәслихат депутаты, кәсіпкер Нұртай Жұмашев ұсынылып отырған жаңа Конституция жобасы – жай ғана құқықтық құжат емес, бұл мемлекетіміздің даму бағытын, ұлттық құндылықтарымызды және азаматтық жауапкершілігімізді айқындайтын стратегиялық негіз екенін айтып, тарихи кезеңде ел болашағы үшін әділ таңдауын жасап референдумға қатысуға шақырды.

image-01-03-26-01-17-2
Ал аудандық коалиция мүшелері, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мәлік Өтешев пен «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Бибігүл Ахметжанова келген қонақтарға алғыстарын білдіріп, Бәйтеректегі түсінік жұмыстары жалғасуда екенін жеткізді.
Кейін делегация өкілдері «Белес-Агро» компаниясының ұжымымен кездесті. Жиында сөз алған Белес ауылының тұрғыны, аудандық коалиция мүшесі, ақсақалдар кеңесінің төрағасы Адам Имашев «Белес-Агро» компаниясының қалыптасу жолына тоқталды. Оның айтуынша, кәсіпорын ел экономикасы тығырыққа тірелген кезеңде жұмысын бастап, табандылық пен тиянақты еңбектің арқасында өңірдегі өңдеу саласының жаңа тынысын ашты. Бүгінде мұнда 100-ге жуық ауыл тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Адам Сағынұлы жиналған қауымды ел үшін маңызды күнде белсенділік танытуға шақырып, әр азаматтың дауысы – ел болашағына қосқан үлесі екенін ерекше атап өтті.
Кездесу соңында қатысушылар өз ойларын ортаға салып, сауал жолдап, пікірлерін білдірді.

Гүлжаз Баделова

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале