31.08.2025, 9:00
Оқылды: 437

Жаңа мәдени ошақ борсылықтардың игілігіне пайдалануға берілді

Бүгін Жәнібек ауданына қарасты Борсы ауылында көптен күткен үлкен қуаныш!
Жап-жаңа кітапхана ғимараты салтанатты түрде өз оқырмандарына есігін айқара ашты.
image-30-08-25-06-17-5
Қазақстан Конституциясының 30 жылдығына орай ауыл тұрғындарына тарту етілген бұл мәдени ошақтың ашылу салтанатына аудан әкімі Тимур Шиниязов арнайы келіп, ауыл халқының қуанышына ортақтасты.
– Бүгін борсылық ағайын үшін үлкен мереке, ауыл мәдениеті мен руханияты үшін айрықша күн, – деді аудан басшысы.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулумыз керек. Сонда ғана кітап оқитын ел – ойлы да парасатты ұлтқа айналады» деген болатын.
Шынында да, кітап – сарқылмас қазына, ұрпаққа бағыт-бағдар беретін мәңгілік шамшырақ.
– Жаңа кітапхана – жас ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне, ауыл халқының рухани дамуына қызмет ететін құтты орын болады деп сенемін. Мұнда балаларымыз білім алып, жастарымыз ізденіп, үлкендеріміз рухани байлыққа кенеледі. Осы ғимарат ауылымыздың еңсесін көтеріп, халқымыздың игілігіне жарасын! Баршаңызды осы қуанышты сәтпен шын жүректен құттықтаймын, – деп жылы лебізін білдірген аудан басшысы кітапхана жұмысына қолдау ретінде жаңа ноутбук табыстады.
image-30-08-25-06-17-9
Одан кейін Борсы ауылында жарты ғасырдан бері тұрып келе жатқан абыз ақсақал Ғайнулла Есенғалиев сөз сөйлеп, аудан әкіміне жасалып жатқан игі істер үшін алғысын жеткізді. Сонымен бірге кітапхана меңгерушісі Салтанат Дишенованы құттықтап, оның еңбегін ерекше атап өтті.
Мерекелік шарада құттықтаулар мен сазды әуендер шырқалып, көркем көңіл-күй жалғасын тапты.
Салтанатты сәтте аудан әкімі Тимур Серікұлы жаңа кітапхана ғимаратының кілтін аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Светлана Джукинаға табыстады.
image-30-08-25-06-17-1
Ақсақал Ғайнулла Есенғалиев пен аудан басшысы мәдени ошақтың қызыл лентасын қиып, келген қонақтар жаңа кітапхана ішін аралап, оқу залдарымен танысты. Шара соңында қазақы дәстүрге сай ақ дәм – бауырсақ ұсынылып, қуаныш дастарханмен жалғасты.
image-30-08-25-06-17-7
Бұйырса, жаңа кітапхана – ауылдың жүрегі, оқырманның білім бұлағы, ұрпақтың рухани ордасы болмақ!
Арай Сейфолла 
Жәнібек ауданы
Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале