Бірлік ауылының тұрғыны Ақторғын Боранбаева жастарды қолдау мақсатында құрылған мемлекеттік бағдарлама аясында көп балалы ана санатымен «Қайтарымсыз грант» иегері атанып, «Көлік жөндеу» орталығын ашты. Ашылу салтанатында ауылдық округ әкімі Ерболат Жақашев сөз алып сәттілік тіледі. Одан әрі ауыл тұрғындары, ата-анасы балаларының бастамасына жылы лебіздерін жеткізді.
- Ауылымызда бой көтерген көлік жөндеу нысанымыз алдағы уақытта тек ауыл тұрғындары үшін тиімді деп білемін. Осы істі жолдасым Серікболат Ибатов жүргізеді. Өзім көпбалалы анамын, әрине отбасылық табысымыз ортақ болғаннан кейін отағасына әрқашан қолдау білдіремін. Алдағы уақытта кәсібіміз алға басып жатса, ауыл тұрғындарына сапалы қызмет көрсетуге қашанда дайынбыз, - дейді Жұлдызым, Қасым, Жомарт, Кемел, Ақеділ атты балалардың анасы.
«Әлемнің әміршісі – еңбек» демекші, нағыз еңбектің қазанында қайнап, маңдай термен тапқан нанның тәтті болары сөзсіз. Еңбектің көзін тапқан жерлесіміздің игі ісіне біз де, береке тіледік.
Аруғаным Қазиева,
Жаңақала ауданы,
zhaikpress.kz