Жаңа оқу жылы қарсаңында еліміз бойынша дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Баланы мектепке дайындайық» республикалық акциясы биыл да өз жалғасын тапты. Бұл жолы игі бастаманың шапағатын Казталов ауданының 20-дан астам оқушысы көрді.

Акцияны «AMANAT» партиясының аудандық филиалы ұйымдастырып, әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға қажетті сөмке мен оқу құралдары табысталды.

Игілікті іске демеуші болғандар қатарында аудандық мәслихат депутаттары, «AMANAT» партиясы мүшелері, сондай-ақ ауданымыздың жомарт жүректі кәсіпкерлері бар. Олар ауылдық округтердегі оқушыларға да қол ұшын беріп, олардың білім жолындағы алғашқы қадамдарына демеу болуды мақсат етті.

Қайырымдылық пен әлеуметтік жауапкершілікті ұштастырған бұл бастама – ауыл оқушылары үшін үлкен көмек әрі жаңа оқу жылына сеніммен қадам басуға мол мүмкіндік.
Мейірім Парасат
Казталов ауданы