Бүгінде ауданда жер мәселесі күйіп тұрғаны жасырын емес. 2020 жылғы көрсеткішке сәйкес ауыл шаруашылығы жерлерін мақсаты бойынша пайдаланбай отырған жалпы көлемі 28,7 мың га құрайтын 21 жер учаскесі анықталған. Қазіргі таңда анықталған 21 жер учаскесінің сегізі ауданның арнайы жер қорына енгізілді. Олардың жалпы көлемі 3,1 мың га құрайды.
- Өткен жылы 13 шаруа қожалығын тексеру жоспарланғанымен тек «Дамир», «Жаңасай», және «Джафаров» сияқты үш қожалық жерлерін тексере алдық. Олардан анықталған кемшіліктер бойынша нұсқама берілді. Көлемі 25,6 мың га құрайтын 10 жер пайдаланушыға түсінік жұмыстары жүргізіліп, қазір 16,4 мың га жер жыртылып, көктемгі егіске дайындалды. Тексеру жұмыстары енгізілген мораторий алынғаннан кейін жалғасады, - деді әкім.
Өткен жылы жылы 12 ауылдық округ аумағынан ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу мақсатында жер учаскелерін жалға беру үшін 3 конкурс өткізілген.
Қорытындысына сәйкес жалпы көлемі 12,1 мың га құрайтын 28 жер учаскесі 10 жылға жалға беріліпті. Енді конкурс жеңген азаматтар 8,9 мың гектарға жайылым ұйымдастырып, 135 жаңа жұмыс орнын ашатын болса, егістікке берілген 3,2 мың гектар жерде 207 жаңа жұмыс орны болады. Жалпы аталған жерлерге 11,3 млрд теңге инвестиция құйылмақ. Тартылған инвестиция ауданда өсімдік және мал шаруашылығын дамытуға ықпал етеді.
- Қазір ауданда жайылым жердің жетіспеушілігі өзекті мәселеге айналды. Оны реттеу мақсатында Былтыр Янайкин ауылынан мемлекеттік жер қорынан - 649 га, ауыл шаруашылық құрылымдары басшыларымен келіссөздер жүргізу арқылы Махамбет ауылынан - 249 га, Январцев ауылынан - 1300 га жер ауыл халқының пайдалануы үшін берілді.
Жайылым мәселесінің оң шешілуіне ықпал жасап, түсіністік танытқан шаруашылық басшыларына алғыс білдіремін, - деді жер мәселесі туралы айтқан аудан басшысы.
Үй салынып, тоғыз ауылға газ қосылмақ
Ауданда тұрғын үймен қамту - өзекті мәселелер қатарында екенін аудан басшысы өз сөзінде атап өтті. 2013-2018 жылдары ауданда бірде-бір тұрғын үй салынбаған болса, 2019 жылы 23 үй, былтыр 24410 шаршы метр болатын баспана тұрғызылған. Оның 1576 шаршы метрі бюджет есебінен салынған болса, 22834 шаршы метр үй тұрғындар есебінен бой көтеріпті.
Өткен жылы Калинин ауылында 16 көпбалалы, сегіз әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыға 24 пәтер берілген. Бүгінде 614 азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Одан бөлек апатты деп танылған үйлерде тұрып жатқан 23 отбасы бар. Биыл Дариян ауылында 2 екі қабатты 24 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы басталатынын да аудан басшысы атап өтті. Сондай-ақ Достық, Үлкен Шаған, Трекин, Махамбет, Переметный, Дариян ауылдарынан 2 екі қабатты 24 пәтерлі үйдің жобалық құжаттары дайындалуда.
Сондай-ақ Марат Лұқпанұлы биыл ауданға қарасты Кирсанов, Ақбидай, Павлов, Ақсу, Горбунов, Мирное, Кіші Шаған, Поливное, Алмалы сияқты елді мекендерге газ өтетінін де айтты. Бұл нысандардың жобалық-сметалық құжаттары толық жасақталған.
Сумен қамту кезектен түспейді
Қазіргі уақытта аудандағы 68 ауылдың 32 елді мекені таза ауыз сумен қамтылған.
Биыл Янайкин, Январцев ауылдарына су құбырын жүргізуге конкурстық жұмыстар басталды. Жоба толықтай іске асырылған кезде таза ауыз сумен қамтылған тұрғын саны - 52667 мыңды құрап, сумен қамту көрсеткіші 87,2%-ке жетпек.
Бұдан бөлек Жаңатаң, Рубежин, Дариян, Махамбет ауылдарына су құбырын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттама дайындалған. Мичурин округі Зеленый елді мекеніне, Көшім округі Өркен елді мекеніне, Мичурин ауылына су құбырын жүргізуге қажетті жобалық құжаттама жасақталуда екен.
- Аудан халқын ауыз сумен қамтумен қатар шаруашылықтар үшін су қорын ысырапсыз пайдалану, табиғи су көздерін сақтау да өте маңызды мәселе. Аудандағы 13 көл және мал суаруға арналған 99 ұсақ тоған бар. Бүгінгі күні Январцев, Трекин, Дарьян және Железнов ауылдарында 5 көлдің аумағы жергілікті кәсіпкерлерге жалға беріліп, демалыс аймақтары құрылды. Олар шомылу, балық аулау және басқа да қызмет түрлерін ұсынатын болады, - деді М.Тоқжанов
Бұдан бөлек, "Коммунальник" мемлекеттік-коммуналдық кәсіпорын теңгеріміндегі 5 су қоймасында инфрақұрылым құруға ниет білдірушілерге конкурстық негізде жалға беру мақсатымен аумақты абаттандыру жоспары жасақталған. Қазіргі таңда Шалғай, Железнов ауылдары аумағындағы істен шыққан су тоғандарын қайта қалпына келтіру, су қорын молайту мақсатында Иван Енютин, Мұрат Жәкібаев, Қайыржан Киргенев, Вячеслав Необутов және Владимир Сиротин сынды ірі кәсіпкерлер өз жобаларын жасақтауда екен. Егер бұл іс оңынан болса, су тапшылығы жойылуы мүмкін.
Түгелбай Бисен,
zhaikpress.kz