9.11.2022, 14:31
Оқылды: 7

Жаңа Заң қабылданса...

Несие тақырыбы қозғалса, елең ете қалмайтын адам жоқ. Тіпті несие туралы Үкімет не айтар екен деп жоғары жақтан үміт күтіп жүргендер де аз емес. Бүгінде қарызға белшеден батқан қазақ азық-түлікті де несиеге алатын жағдайға жетті.

1

Фото дереккөзі: paryz.kz

Өткен аптада Жетісу жұртымен жүздесуде ел Президентінің «жуық арада несие туралы айтатын боламын» деген бір ауыз сөзі елді «қарыздан құтылар ма екем?» деген үміт кемесіне мінгізді. Бір ауыз сөз сол күні-ақ көптің аузында жүрді. Тіпті несие мәселесі қалай шешілер екен деп, жаңалықты қалт жібермеуге тырысқан жұрт алаң күйге түсті. Қалай айтқанда да, елдегі несие мәселесін шешу көп жұрт армандағандай жойылып кетпейтіні белгілі. Мемлекет басшысы несиеден-несиеге өмір сүрген халықтың қарызын жеңілдетудің бірден-бір жолы банкроттық туралы заңды тез арада қабылдауды меңзегені анық. Көп ұзамай-ақ республикалық қоғамдық штаб отырысында сөйлеген сөзінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жеке тұлғалардың банкроттығы» туралы заң қабылданады. Ол қарыз алған азаматтарға шамадан тыс қарыз жүктемесінен құтылуға мүмкіндік береді. Қазір бұл бағыттағы басқа да шараларды ойластырып жатырмыз», – деді.

Жалпы еліміздегі әрбір екінші тұрғын несие қамытын киіп отыр. Елдің қарызға батуына не себеп? Экономист-сарапшылар несие алуда көпшілік отбасы бюджетіне талдау жасамайтынын айтады. Экономистердің  пікірінше, несие төлемақысы табыстың 50 процентінен аспау керек. Бұған несие төлемақысы, пәтерақысы, коммуналдық төлем шығыны және басқа да ай сайынғы төлемақылар енуі тиіс. Өкінішке орай, бізде жағдай керісінше. Табыс мөлшері мен несие төлемақысы арасында тиісті шекара сақталмаған. Отбасылық бюджетке талдау жасамай алынған қарызды ай сайын банктер пайдасына төлеп отырған адамның қалтасында азық-түлікке, коммуналдық төлемге, киім-кешек пен басқа да қажеттіліктерге қаражаты жетпей қиналады. Қиналған адам амалсыз келесі банктің есігін қағады, одан қалса микроқаржы ұймдарынан жоғары пайызбен қарыз алады. Мұндай жағдайда несие алушының мәселесі шешіліп кете қоймайды, керісінше қарыз үстіне қарыз жамылып тығырыққа тірелері анық.

Қоғамда «төлей алмаса несиені несіне алады?» деген сұрақ жоқ емес. Мұның себебі көп. Бірінші нұсқа – көпшілік несиеге көбіне тұрмыстық техника алу үшін жүгінеді. Бүгін алмаса, ертең одан да қымбаттайды деген түсінікпен несиеге, тағы да несиеге ұмтылады. Екіншіден қазақта «Той дегенде қу бас домалайды» деген түсінікпен елден қалмай той-домалақты, мерейтойларды салтанатты сарайда жарқыратып атап өту үшін банктерден қарыз алатындар да аз емес. Ал, үшінші біреулер несиеден несиеге өмір сүреді. Олар несиеге киім, азық-түлік және басқа да қарызды төлеу үшін жүгінеді. Бір банктегі берешегін жабу үшін, екінші банктен несие алатындар, яғни банк пен банкті «құдаластыратындар» да кездесіп жатады.

Бір қызығы, көпшілік өзінің нақты табысына емес, келешек көбейетін табысын болжап несие алады екен. Ал алдағы уақытта не болатынын ешкім де білмейтіні белгілі. Табыс өседі ме, әлде бүгінгі табысы қысқарып қала ма, ол жағы белгісіз. Сондай-ақ «банк беріп жатыр, демек, төлей аламын» деген қате түсінік те жоқ емес. Бұл тұрғыда халықтың қаржылай сауаттылығын арттырып, несие аларда өз табысын, банктің пайыздық мөлшерлемесін есепке алуды үйрету артық болмайды. Заман ағымына сай интернет желісінде жастар мен қатар үлкендер де отырады. Компьютер мен технология тілінен хабарсыз егде адамдар несие алаяқтарының құрбаны болып, өзі алмаған ақшаны төлеп жататын жағдайларда ұшырасады. Несие алу мәселесінде бірізді жүйеге келтіретін осындай ірілі-ұсақты мәселелер жетерлік. Сарапшылар үкімет мәселе тереңдемей тұрып шешім қабылдауы қажет дейді. Мамандар пікірінше, халықтың несие мәселесі алдағы уақытта экономикалық өсімнің баяулауына әсер етеді, болашақта халықтың несие алуы қиындай түседі. Несие төлей алмағандар қолма-қол ақша ұстауға, салықтан жалтаруға мәжбүр болады. Белгілі экономист Қуаныш Жайықов: «Қазақстанда 18 жастан асқан 12,9 млн адам бар. Президент бұған дейін елімізде 545 мың адамның несие төлеу мерзімі 90 күннен асып кеткенін айтқан еді. Бұл ересек халықтың 4,2 пайызы» дейді. Экономистің айтуынша, бұл 90 күн несие төлемеу фактісі елдегі нақты картинаны көрсете алмайды. Ал несие төлей алмау жылдан асып кетсе, онда мәселе бар деген сөз. Себебі кейбір адамдарда жұмыстан шығып қалу, ауырып қалу немесе айлық кешігу секілді мәселелер де болуы мүмкін. «Банктерді несиені кешіруге мәжбүрлеу мүмкін емес. Зиян шеккен банк келесі жолы несие беруге дайын болмайды. 2019 жылы несиеге рақымшылық жасалды», – деген сарапшылар несие мәселесін екінші жағынан қарау керегін ұсынады. Мәселен, елімізде 5 пайыз халықтың тұрмысы төмен. Олардың дұрыс тамақтануына, денсаулығын түзеуге табысы жетпейтіні анық. Бұл төленбеген несие мәселесінен де өзекті. Егер осы санаттағы адамдардың жұмысқа орналасуына, табыс табуына мүмкіндік жасалса, несие төлеу мәселесі өзінен-өзі-ақ шешіле бастайды. Сонымен қатар несие бермеумен мәселе шешілмейтінін де алға тартады. «Адамдарға ақша қажет. Түрлі жағдайлар болады. Тез арада ақша қажет болады. Мұндайда банктен заңды түрде ақша ала алмаған жағдайда заңсыз жолдарға жүгінуге тура келеді. Сенімхат арқылы айына алған қарызының 10 пайызын төлеп тұруды міндеттеген кредиторлар да болды. Оны төлей алмаған жағдайда нағыз түсініспеушілік болатыны сөзсіз» дейді мамандар. Қарапайым тілмен айтқанда, процентке ақша беретіндер халықтың жағдайын қиындата түсетіні белгілі. Қалай айтқанда да халықтың қарызын жеңілдетуге лайық заң тетігі болу қажет. Ел бұл заңнан үлкен үміт күтіп отыр...

Жансая Жұмажанқызы,

zhaikpress.kz 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале