Жаңа жыл – сиқыр мен шаттыққа, қуаныш пен сый-құрметке толы ерекше мереке. Переметныйда өткен аудан әкімінің дәстүрлі жаңажылдық шыршасында балғындар мұны анық сезінді. Оған ауданның түкпір-түкпірінен келген балалар мен олардың ата-аналары қатысып, көтеріңкі көңіл күй мен ұмытылмас әсерге бөленді.

Аталмыш іс-шараға 60 бала келді. Олардың қатарында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, ерекше білім беруді қажет ететін, сондай-ақ көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққандар бар. Әкім шыршасының басты ерекшеліктерінің бірі – әр балаға көрсетілген нақты қолдау болды. Аудан әкімінің атынан әрбір балаға 50 мың теңге көлемінде қаржылай сыйлық табысталды. Сонымен қатар 14 оқушы республикалық деңгейде ұйымдастырылған Президенттік шыршаға қатысып, әрқайсысы 100 мың теңгеден қаржылай сыйлыққа ие болды.

Бұдан бөлек, жыл қорытындысы аясында 367 оқушыға жаңа жылдық сыйлықтар үлестірілді. Бұл – балаларды қуантумен қатар, әлеуметтік қолдаудың нақты көрінісі. Айта кету керек, өткен жылы аудан әкімінің шыршасы аясында 80 балаға сырт киім (қысқы күртеше) сыйға тартылған болатын. Бұл игі дәстүр биыл да өз жалғасын тауып, қамқорлық пен мейірімнің үлгісін көрсетті.
Мерекелік бағдарлама да мазмұнды әрі көңілді өтті. Балалар үшін түрлі ойындар, сайыстар мен викториналар ұйымдастырылып, олардың белсенділігі мен шығармашылығын арттыруға ерекше көңіл бөлінді. Сондай-ақ шығармашылық ұжымдар өнер көрсетіп, көпшілік назарына «Алладин» ертегісін сахналады.

Кішкентай көрермендердің көңілін көтеру үшін балерина, капучино, акула, қолтырауын, қоян сынды кейіпкерлер бейнесіндегі аниматорлар қатысып, жаңажылдық әндер мен көңілді билерін тарту етті. Зал іші балдырғандардың шат күлкісі мен шынайы қуанышына толды.
Мерекенің әсерлі әрі мазмұнды сәттерінің бірі – аудан әкімі Марат Тоқжановтың жаңа жылдық құттықтауы болды. Ол жиналғандарды келе жатқан Жаңа жылмен шын жүректен құттықтап, мұндай игі іс-шара мейірім мен жылулықты арттыратынын атап өтті. Сондай-ақ балаларға көрсетілетін қамқорлық пен қолдау – болашаққа жасалған маңызды инвестиция екенін тілге тиек етті.

– Мен бүгін ата-аналарын тыңдайтын, сабақты жақсы оқитын үздік оқушылармен жүздесіп тұрғаныма қуаныштымын. Жыл сайын тәрбиесі мен білімі жақсы балаларды осылайша жаңа жылдық мерекеге жинауды дәстүрге айналдырдық. Әрдайым осындай үздіктердің қатарынан көріне беріңіздер. Биік армандарға ұмтылыңыздар. Арман-мақсаттарыңыз орындалып, болашақтарыңыз жарқын болсын. Сендер – әр отбасының мәні мен сәнісіңдер. Әрқашан ата-ананы құрметтеп, ұстаздан тәлім алып, көпке сыйлы болып өсіңдер. Баршаңызға зор денсаулық, толайым табыс тілеймін,– деді аудан Марат Лұқпанұлы.

Шырша мерекесі соңында барлық бала Аяз ата мен Ақшақардан тәтті сыйлықтарға ие болды. Жарқын әсерге, шынайы қуаныш пен нағыз мерекелік көңіл күйге толы бұл күн жаңа жылдық шыршаға қатысқан әрбір баланың жадында ұзақ сақталары анық.
Салтанат Зұлқарнаева
Бәйтерек ауданы