19.12.2023, 22:00
Оқылды: 167

Жаңақала ауданы: Айдархан ауылына 60 жыл

Әнші мен күйшінің, ақын мен бишінің, талай дүлдүлдердің өсіп-өнген жері, құт дарып, бірлігі жарасқан ауылдардың бірі – Жаңажол ауылы. Бүгінде тұрғындары айрандай ұйып отырған ауылдың 60 жылдығына орай «Атағың асқақтасын Айдарханым» атты мерекелік кеш ұйымдастырылды.

image-19-12-23-08-54

Ауылдың топырағында аунап өсіп, аттың құлағында ойнап, балалық шағын өткізген, осы ауылдан түлеп ұшқан, облысымызға, республикаға аты әйгілі өнерпаздар жиылып, сазды сәлемдерін жолдаған болатын.

Кітап және қолөнер көрмесі ұйымдастырылып, келген қонақтардың барлығы ақтан ауыз тиді. Концерт барысында қазақы дәстүріміз дәріптеліп, ауылдың көпке үлгі болып жүрген дана әжелеріміз шашуын шашты. ​

image-19-12-23-08-54-1

Жаңақала аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаев және Жаңажол ауылдық округі әкімі Айбек Ишанов сөз сөйлеп, барша ауыл тұрғындары мен қонақтарын айтулы мерекемен құттықтай отырып, алдағы уақытта іс-шаралар жалғасын табатынын тілге тиек етті.

IMG-20231220-WA0002

​Қасиетті мекен саналған Айдарханның тумасы, жас ақын Орынбек Меңдіқұлдың сөзіне жазылған «Елге арнау» әнін Ж.Исмағұлов пен О.Меңдіқұл орындап, халық қошеметке бөледі. Ауыл тарихынан сыр шертіп, қиындығы мен қызығын өлеңмен өрбітіп, домбырамен арнау арнаған О.Меңдіқұл жиналған жұртшылықты бір серпілтіп тастады.

IMG-20231220-WA0005

«Мәдениет майталманы» төсбелгісінің иегері, классикалық әнші Самал Дыңғалиева «Бұлбұл» әнін ел сүйсінетін зор дауыста орындап, өз жанрына сәйкес келетін әуенінен жұп етіп, тарту етті. Е.Әбжановтың «Елге сапар» әнін, Н.Асқарұлы мен М.Ғинаятұлының орындауындағы «Ауылым аңсарым» әнін жиналған қауым ырғала бірге шырқап, сонымен қатар Б.Әбжанов жетекшілік еткен «Times cover» тобы «Атамекен» әнін орындап, ауыл тұрғындарының сұранысымен той әндері мен ырғақты әндерді айтып, халықты биге шақырды. ​ «Дос болып қалайық» әнін Ж.Исмағұлов көркемдікпен жеткізсе, Ж.Құбашұлы қазақ халқының музыка өнерінде айырықша орын алатын композитор Ш.Қалдаяқовтың «Бақыт құшағында» әнімен сахнадан табылды. Халық қошеметі де толастар емес. Е.Әбжановтың орындауындағы «Мен сіздерді жақсы көремін», Н.Асқарұлы мен М.Ғинаятұлының «Ұстазым», А.Бисенғалиевтың «Өзіңді көргенде», Р.Даутованың «Сен ем» әні де ​ қошеметсіз қалған жоқ. Мерекелік кеш соңында Ж.Исмағұлов төгілте әндеткен, жерлес ақын О.Меңдіқұлдың сөзіне жазылған «Айдарханның палуандары» сазды шығарылымы көрермендердің жүрегіне жол тартты.

IMG-20231220-WA0004

Аналар кеңесінің төрайымы Сұлушаш Дәулетқызы сөз алып, ауылдағы мерейтойға арнайылап келген өнерпаздарға ауыл тұрғындары атынан өз алғысын білдірді. Р.Хайырбеков, Ж.Жұмасалықов, Н.Ахметов, Ж.Шайхиев, Е.Сағынғалиев, М.Темірбеков, Ж.Нәсиев, Қ.Орынбаев, Ж.Меңдешев, Т.Жұмашев, Б.Сабиев, К.Жүзжасаров, Ж.Кабушев, Н.Бисекешов, А.Бақытов сынды ауыл азаматтары мен жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары мерекеге орай демеушілік жасаған болатын. Лоторея билеттері таратылып, ұтыс ойындарымен жалғасын тапты. Барлығы 160 билет ойнатылып, бас жүлдеге 2 жылқы, 4 қой, 3 ешкі, мал азығына қажетті жем-шөп, 2 жоғары сұрыпты ұн, сонымен қатар, бағалы тұрмыстық техникалық заттар ойнатылған болатын. Жүлделі болған ауыл тұрғындары мен қонақтарын газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар. Шешендік сөздермен әрленіп, күймен сусындатқан Жаңажол ауылдық округіндегі мерекелік кеш өте жоғары деңгейде өтті.

Ақерке Мәлікқызы, 

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале