29.03.2025, 11:30
Оқылды: 79

Жаңақала ауданы әкімі іссапары Пятимар ауылында жалғасын тапты

Жаңақала ауданы әкімі Алпамыс Көшкінбаевтың жұмыс сапарының соңғы аялдамасы Пятимар ауылдық округі болды.

image-28-03-25-06-57-2

Мәдениет үйінде жиналған тұрғындар аудан басшысына ауылды дамытуға соңғы үш жылда қаражат бөлінбегеніне реніштерін жеткізіп, ауыл ішіне қатқыл табанды жол салуды сұрады. Сонымен қатар біраз жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген балабақша мен мектеп жатақханасын жаңарту қажеттігін айтып, Борық елді мекеніне медициналық нысан салынса деген тілектерін білдірді.

image-28-03-25-06-57-3

Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Дидар Мәлікұлы бұрынғы дәрігерлік амбулаторияны жастарға арналған жаттығу зал ретінде ашуды ұсынды. Алпамыс Жаңабайұлы жоғарыда көтерілген бірқатар мәселемен айналысатынын жеткізіп, жиыннан кейін округ басшысы Бауыржан Рамазанов және аудандық мәслихат депутаты Әділет Сағыновпен жергілікті халыққа жеке қабылдау өткізді.

image-28-03-25-06-57-8

Одан соң ауыл ішіндегі кәсіпкерлік нысанды, ауыз су тарату мұнарасын, дәрігерлік амбулатория, жатақхана мен балабақшаның тыныс-тіршілігімен танысты.

image-28-03-25-06-57-9

Мектеп басшысы Қазыбек Әлмұқанов та балабақша мен жатақханаға күрделі жөндеу керектігін сөз қылып, балабақша балаларға тарлық ететіндігін, әр жастағы балалар бір топқа баратындығын да назардан тыс қалдырмады. Сол себепті екіқабатты мектеп жатақханасының бір қабатынан тағы бір балабақша ашу жөнінде ұсынысын ортаға салды. Аудан басшысы тек Пятимар ауылын аралап қана қоймай, Плантация, Борық, Аққұс елді мекендеріне де ат басын бұрып, тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдады.

image-28-03-25-06-57-7

Осы орайда ол ауыл халқын балық, құс, мал шаруашылығымен айналысуға шақырып, кәсіп бастауға құлықты азаматтарға қашанда қолдау көрсететінін жеткізді.

Айзада Ақбасова
Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале