12.11.2023, 19:24
Оқылды: 37

Жаңақала ауданы: Дала қызықтары өтті

Бүгін Жаңақала ауданына қарасты, Көпжасар ауылында дала қызықтары өтті. Игі шара Көпжасар ауылының 60 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылды. Аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаев ауыл тұрғындарын мерейлі мерекемен құттықтап, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. 

IMG-20231112-WA0053

Даланы дүбірге бөлеген мерекеде ұлттық ойындар сынға түсті. Атшабардағы төбеге жиналған халықтың қарасы көптеп жиналды. Халықтың қазынасы саналған ат спорты кеңінен дәріптеліп, топ бәйге, тай жарыс, жабы аттар арасында 12 шақырымдық бәйге және ​шабандоз шыңдалатын, сәйгүлік сыналатын білектілер қатысқан Көкпар ұлттық ойыны жиналған жұртшылықтың делебесін қоздырды.

IMG-20231112-WA0054

Сонымен қатар түйе жарыс, қой көтеру, арқан тартыс жарыстары мерекелік шараны қыздыра түсті.

IMG-20231112-WA0058

Киіз үй тігіліп, мерекеге келген қонақтар мен ауылдықтар ақтан ауыз тиіп, көркемөнерпаздардың өнерлерін тамашалады. Ауқымды шараның өтуіне шаруа қожалықтары, кәсіпкерлер белсенділік танытып, демеушілік көрсетті.

IMG-20231112-WA0056

Шашасына шаң жұқтырмай оза шапқан жеңімпаздар ақшалай сыйлықтармен және алғысхаттармен марапатталды.

Зара Жәрдемова,

Жаңақала ауданы 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале