Бүгін Мирманов көшесінде Амал мерекесіне орай «Қисық Қамыс – қара шаңырағым» атты мерекелік концерт өтті. Қалың халық бір-бірімен қол айқастырып, құшақтаса көрісіп, мәз-мейрам болды. Шара шымылдығын ашқан Қали Жантілеуов атындағы балалар музыка мектебінің ансамблі күй әлемінің тереңіне бойлап, Шал Мырза Тоқтаболатұлының «Мереке», Құрманғазының «Балбырауын» күйін орындады.
Құттықтау сөз аудан әкімі Алпамыс Жаңабайұлы мен аталмыш көшенің ақсақалы Базарғали Ғұмаровқа беріліп, барша жиналғандарды мерекемен құттықтады. Қазақтың ертеден келе жатырған ата дәстүріне сай, Болат Өтешов қариядан ақ бата алып, үлкенді-кішілі қуаныш тойлаушылар әумин десті.
Мың бұралған бишілер де, мамырлата ән салған әншілер де, жүрек қылын шерте тартқан күйшілер де ортадан табылды. Әрі қарай, аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Қайырғали Үмбетқалиұлы мен Жаңақала ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Мақсотұлы сахна төрінен табылып, шараның басты мақсатын түсіндіре кетті. Жиынның өтуіне өз үлесін қосып, белсене атсалысқан жандарға алғысхат табыс етіліп, ризашылықтарын білдірді.
Жоғарыда атап өткендей, тұрғындардың қолдауымен шағын ауданға «» атауы беріліп, оған Қисық Қамыс, Мирманов, Бірлік, Тоқсанов, Бейбітшілік, Халықтар достығы, 1-Мамыр көшелері кіреді. Содан кейін, көне дәстүрді ұмыт қалдырмай, күні бүгінге дейін жалғасын тауып келетін тұсаукесер рәсімі жасалды.
Ардагер ұстаз, аудандық әжелер алқасының төрайымы, «Асыл ана» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Рая Қайратқызы лебізін жолдап, жас отбасыға кітап тарту етті. Көше бойындағы киіз үйлердің де ішіне еніп, ауыз тидік. Наурыздың сәні мен мәнін келтіретін ыстық бауырсақтар мен наурыз көжені құйған ақ жаулықты аналар көздің жауын алады. Сондай-ақ, білекпен тартысар сайысшылар серпіні, әр түрлі ойын шеберлерінің ебі той үстінде тамашаланды. Иісі мұрынды жаратын балғын кәуәптар мен сусындар сатылып, той қызығын көріскен балалар бір қуанып қалды.
Ақерке Ғилымхан,
Жаңақала ауданы