31.07.2025, 10:00
Оқылды: 228

Жаңақала ауданында кәсіпкерлерімен ашық кездесу өтті

Жаңақала ауданы әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаев кәсіпкерлермен кездесті. Жиынның мақсаты – аудан кәсіпкерлеріне мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау мен несие беру тетіктерін түсіндіру, өзара пікір алмасу.

IMG_9786

Кездесуде аудан басшысы кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар туралы айтып, аудан бойынша бизнес саласының әлеуетіне тоқталды. «DAMU» кәсіпкерлікті дамыту қоры» БҚО филиалының клиенттермен жұмыс менеджері Гүлдана Қанатова Zoom платформасы арқылы байланысқа шығып, қор тарапынан ұсынылатын жеңілдетілген несие мен субсидиялау шарттарын түсіндірді.

Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Светлана Бекқалиева «Ауыл аманаты» бағдарламасының мүмкіндіктерін таныстырды. Кәсібін енді бастаған және кеңейтуді көздеген кәсіпкерлерге арналған бағдарлама бойынша нақты мысалдар келтірілді.

Мәстексай ауылынан келген кәсіпкер Ақмарал Алдоңғарова жиынға қатысып, өз кәсібін қалай бастағанын әңгімеледі. Ол былтыр «АтаШал» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативін құрып, жартылай фабрикат өнімдерін өндіру ісін жолға қойған. Ақмарал кәсібін бастау барысында қандай қиындықтармен бетпе-бет келгенін, несиені қалай рәсімдегенін, мемлекет қолдауын қалай пайдаланғанын нақты мысалдармен түсіндіріп берді.
Кездесу барысында кәсіпкерлер көкейде жүрген сұрақтарын қойып, нақты жауап алды. Кездесу барысында «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы БҚО, Жаңақала аудандық филиалының басшысы Гариб Асханбаев аудан кәсіпкерлеріне көрсетіліп жатқан қолдаулар мен кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы тетіктер туралы айтып, мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдалануға шақырды.

IMG_9772

Ал Мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Мейрамбек Шапенов жаңадан қабылданған Салық кодексіне енгізілген өзгерістерге тоқталып, кәсіпкерлерге қажетті ақпараттармен бөлісті. Жиын кәсіпкерлердің белсенділігі мен өзара қолдауға негізделген мазмұнды диалогқа ұласты.

 

Сыйлыхан Жұмасалық,

Жаңақала ауданы 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале