Бүгін Жаңақала ауданына қарасты Қырқопа ауылдық округінде жаңа кәсіпкерлік нысан — «Нұр» кешенінің ашылу салтанаты өтті.
Шараға аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаев, аудандық мәслихат төрағасы Қамбар Қаменов, «AMANAT» партиясы Жаңақала аудандық филиалының атқарушы хатшысы Гүлбану Дағарова, кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Светлана Бекқалиева, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Аман Серікқалиев, Қырқопа ауылдық округінің әкімі Абзал Ахметов, ауыл ақсақалдары мен жергілікті тұрғындар қатысты.
Жаңадан бой көтерген кешеннің иесі туған жерінің өркендеуіне үлес қосып жүрген жас кәсіпкер – Бекжан Темірболатұлы Қарабалин.
Ол 2015 жылы ауылда азық-түлік дүкенін ашып, халыққа сапалы қызмет көрсетуді жолға қойған еді. Биыл кәсіпкер өз ісін кеңейтіп, ауыл тұрғындарына қолайлы жағдай жасау мақсатында құны 35 миллион теңгені құрайтын «Нұр» кешенін салды. Құрылысы 2025 жылдың мамыр айында басталып, бүгінде толықтай аяқталып отыр.
Ашылу салтанатында сөз алған Алпамыс Жаңабайұлы ауылдық кәсіпкерлікті дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, жаңа кешеннің ауыл экономикасы мен тұрмыс сапасын арттырудағы маңызын атап өтті.
Сонымен қатар, ардагерлер кеңесінің төрағасы Жасқайрат Төлеуғалиев құттықтау сөз сөйлеп, кәсіпкерге ізгі тілегін білдіріп, батасын берді.
Шара барысында «Нұр» кешенінің лентасы қиылып, құрметті қонақтар дүкен, машина жөндейтін, жуатын орынның ішін аралады. Ақ пен бауырсақ ұсынылып, ауыл әжелері әннен шашу шашты.
Жаңа нысанның ашылуы – ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін маңызды оқиға. Кешен заманауи талаптарға сай салынған және ауыл тұрғындарына сапалы қызмет көрсетуге бағытталған.
Сыйлыхан Талапұлы
Жаңақала ауданы