3.04.2025, 11:45
Оқылды: 191

Жаңақала ауданы: Отбасылық кәсіп - ортақ нәсіп

Кәсіпкер болу үшін үлкен кәсіпорын, зауыт басқа да іргелі жұмыс орнын ашу міндетті емес, шағын кәсібіңді жандандырып, шаңырағыңның әлеуметтік ахуалын да жақсартуға болады. Бүгінгі күннің басты талабы - еңбек етіп, халықтың игілігі жолында қызмет жасау. Қазір екі қолды қалтаға салып алып, "алма піс, аузыма түс" деп жайбарақат жататын заман емес. Сонымен қатар, мемлекет те кәсіп ашып, нәпақасын табуға ниеттілерді қашанда қолдап келе жатқандығы аян. Күні бүгінде ауданымызда отбасылық бизнесті шыр айналдырып отырған кәсіп иелері жетерлік. Сондай-ақ отбасылық жеке кәсібін дөңгелетемін дегендерге де мүмкіндіктер көп. Тек кез келген істің тетігін тауып, дамыта білсе болғаны. Осы жолы табыстың тайқазанын еңекпен қайнатып келе жатқан, ел сүйсінген Сүйіновтер отбасы жайында қалам тербемекпіз.

d54b07ca-18fa-4b4a-9466-a8d676332537

Ауыл тұрғындарының игілігіне ашылған сауда орны «Бибарыс» деп аталады. Тұрақты тұтынушылары қалыптасқан дүкеннің сөресінен көңілге керектінің бәрін табуға болады. Тауарлардың бағасы өзге дүкендермен салыстырғанда қалтаға қонымды. Шетінен шертіп жүріп, таңдап ала аласың. «Отбасылық кәсіпте береке бар» демекші, отбасы  мүшелері  дүкен шаруасын дөңгелетуде аянбай күш салып келеді. Аптаның жеті күнінде де халыққа қызмет көрсететін орынның есігі ашылғаннан жабылғанша адам аяғы сиремейді.  Көпжасарлық Шымболат пен аядай Мұқыр ауылында дүниеге келген Айымжан көпбалалы отбасынан шыққан, еңбекқор жандар. Екеуі де жоғары білімді.  Жарасым тапқан екі жас 2010 жылы отау құрып, шаңырақтарынан  сәби күлкісі естіліп, шаттыққа бөлей бастайды. Бала күтімімен декреттік демалыста отырған жас ана сәбиінің  жөргекпұлына күн көруге намыстанып, жұбайымен 2012 жылы Көпжасар ауылындағы ескі ғимаратқа кішігірім жөндеу жұмыстарын жүргізіп, мемлекетке алақан жаймай, өз қаражаттарына шағын азық-түлік дүкенін ашады.

5d613836-5351-4252-a457-b47cb3b22bda

- Біз отбасылық кәсібімізді төменнен бастадық. Ол кезде астымызда көлігіміз де болмады. Қажетті тауарларды баламызды арқалап жүріп қаладан келілеп таситынбыз. Соынмен бірге фастфуд өнімдеріне үйден тапсырыс қабылдап, қаза, той, туған күндерге тәтті бәліш пісіріп, қосымша табыс таптық.  "Тиыннан теңге құралады" дегендей, тірнектеп жиған қаржымызға алғашқы көлігімізді алдық.  Еңбек түбі - береке.  Алланың қалауымен саудамыз ақырындап жүре бастады. Қанша қиындық көрсек те, табандылық танытып, бастаған ісімізді жарты жолдан тастамауға бекіндік. Сөйтіп жүріп азық-түлік дүкенін аудан орталығынан аштық. Сатушы алуға мүкіндік болмағандықтан, тауарды өзіміз әкеліп, түнімен орындарына жайғастырамыз. Шала ұйықтап, ертеңгісін ертемен ашамыз. Басымызда баспана да болмады. Жастықтың буы ма, әлде қайтпас қайсарлығымыз ба білмедім, қазір сол кезді күліп еске аламыз. Баспаналы болдық. 2017 жылға дейін азық-түлік сатып, сол жылдан бастап "Бибарыс"  шаруашылық тауарлары дүкенін аштық.  Бүгінде аудан тұрғындарына сапалы қызмет көрсетуге күш салып келеміз, - дейді кәсіп иелері.

- Отбасылық кәсіп бастағысы келетін жандарға қандай кеңес бересіздер? деген сауалымызға: - Кәсіп бастауға құлықты отбасыларға айтарымыз, отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын қайсар мінезді, тәуекелшіл болыңыздар. Себебі кәсіп жүргізуде адамға ең керегі − қайсарлық пен еңбекқорлық. Кейде құлдырайсың, кейде керісінше биікке өрлейсің. Сондай кезеңде сынаққа шыдай білген жөн. Кісілік қалпыңнан танбасаң болды. Еңбек еткен адам түптің түбінде өз мақсатына жетеді, - деп отағасы Шымболат өмірлік тәжірибесімен бөлісті.

– Шымболат пен Айымжан өздерінің еңбекқорлығының, ауызбіршілігінің арқасында отбасылық бизнестерін дамытып отыр. Ауылдағы үлгілі отбасылардың бірі. Бұрындары қалаға барғанда таңсық дүниелерді көп көретінбіз. Ал қазір осындай кәсіпкерлердің арқасында көзге таныс  емес нәрсе жоқ. Азық-түліктің де, тұрмысқа қажетті тауардың да түр-түрін көріп, күнделікті пайдаланып жүрміз. Кәсіп иелері қай кезде де дүкенге кірген сәттен жылы шыраймен қарсы алады. Дүкендегі тауарлардың бағалары да көңілге қонымды, – дейді "Бибарыстың" тұрақты тұтынушысы Ардақ Әміржанова.

0f5896d6-06d5-443a-93d0-74d9fc4c76fc

Бүгінде кәсіпкер отбасы 3 адамды жұмыспен қамтып отыр. Қазірде тірлігі түзу отбасын ел құрметтейді. Бибарыс пен Айбибі есімді екі баланың  ата-анасы үйдің де, түздің де шаруасын қатар тізгіндеп, бала тәрбиесін де басты назарда ұстайды. Қайырымдылықпен айналысудан да құр қалған емес. Жасаған жақсылықтарын жарияға жар салмайтын қазақ жанұясының бойына біткен қарапайымдылық мінезден болар, қадірлі істерін бірі білсе, бірі білмейді.

Тірліктің көзін тауып, адал еңбекпен ұрпағын өсіріп отырған отбасы мұнымен тоқтап қалмауды жөн көреді. Нәсіп кәсіпте екендігін түсінген халықтың кәсіпкерлікке ден қоюы көңіл қуантады. Бұл да халық қажетін өтеумен қатар экономиканың өсуіне үлес қосу. Бүгінгі біздің кейіпкерлеріміз осы сөзіміздің дәлелі болмақ.

Айзада Ақбасова,

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале