
Жаңақала ауданы орталығындағы «Сәбен» шағынмаркетінің жанында ауыл шаруашылығы тауарларының жәрмеңкесі өтті.
Оған С.Меңдешев пен Көпжасар ауылының және Орал қаласының тұрғындары өз өнімдерін әкеліп, халыққа тиімді бағада ұсынды.
Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне жиналған жұрттың қарасы қалың болып, отандық өнімге, соның ішінде сүт өнімдеріне, нан тағамдарына, табиғи балдың түрлері мен әртүрлі жеміс ағаштарына қызығушылық танытты.
Күн жылынып, көктем шуағы жер бетіне тараған сәттен бастап ауылымызда тал егу науқаны басталды. Осы орайда оралдық кәсіпкер Амангелді Құлниязов бұл жәрмеңкеге отбасымен өз ауласына егіп, өсірген жеміс ағаштарын, декоративті ағаштар мен гүлдердің бірнеше түрін ұсынды. Жеміс ағаштарының көшетінің бағасы 2500 теңгеден басталса, әртүрлі раушан гүлдерінің тұқымы 1200 теңгеден. Сонымен қатар сүт, нан өнімдеріне үйден тапсырыс қабылдап жүрген қырқопалық Ақнұр Серікқалиқызы мен көпжасарлық Әлия Әбуғалиева және Алтынгүл Құспанованың үй жағдайында дайындаған ірімшік құны 1800 теңге, қаймақтың 200 граммы 1200 теңге болса, жарты литрі 2500-3000 теңге аралығында, айран 700 теңге, қайнатылған құрт 1500 теңге, тәтті бәліштер 1500 теңге. Азық-түлік дүкендеріндегі әдеттегі бағадан әжептәуір арзан. Олар жәрмеңкеге жиі қатысатындарын жеткізіп, мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе, кәсіптерін одан әрі кеңейткісі келетіндерін жасырмайды.
- Жәрмеңке өте жоғары деңгейде өтуде. Ұйымдастырушыларға өз алғысымды білдіремін. Себебі тұрғындарға қажетті өнімнің барлығы бар. Таңдап жүріп, талғамыңа сәйкесін табасың. Бағалары да көңілге қонымды. Бүгінгі жәрмеңкеде алма мен алмұрт ағашының жоғарғы сұрыпы мен сүт өнімдерінен керегімді сатып алдым. Жылда өтетін жәрмеңкеден қалыс қалмаймын.Халыққа пайдасы тиер осындай шаралар жиі ұйымдастырылса, нұр үстіне нұр болар еді, - дейді ауыл тұрғыны Жансая Әбенова.
Айзада Ақбасова