8.05.2025, 18:00
Оқылды: 387

Жаңақала ауданында әдеби-сазды кездесу кеші ұйымдастырылды

Бүгін ауданымызда қазақ поэзиясының жарқын өкілдерінің бірі, танымал ақын Шерхан Талапұлымен "Ақын – елдің ардағы" атты әдеби-сазды кездесу кеші ұйымдастырылды. Кешке аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаев, ақын Закария Сисенғали, жас қаламгерлер, әдебиетсүйер қауым мен жастар өкілдері қатысты.
 image-08-05-25-05-13-5
Шерхан Талапұлы – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, республикалық және халықаралық жыр мүшәйралардың жеңімпазы, "Шабыт" халықаралық фестивалінің және "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, сондай-ақ "Алтын тобылғы" әдеби байқауының жеңімпазы.
image-08-05-25-05-13-6
Оның шығармалары "Жыр маржаны" атты он томдық антологияға енсе, «Катарсис» пен «Адасқақ ойлардың аспаны» атты поэтикалық жинақтары қазіргі қазақ поэзиясының көркемдік көкжиегін кеңейтуде.
Поэзия кешіне мұрындық болған Шерхан Талапты Қали Жантілеуов атындағы музыка мектебінің домбырашылары күмбірлеген домбыра үнімен қарсы алып, одан әрі жаңақалалық ақындар туралы аудандық орталықтандырылған кітапхана ұжымы дайындаған көрме таныстырылды.
image-08-05-25-05-13-4
Кеш барысында аудан әкімі Алпамыс Жаңабайұлы ақынға «қош келдіңіз» айтып, ауданымыз ғана емес, өңіріміздің осындай биік белесін бағындырған жас таланттардың шығуы біз үшін қуаныш әрі мақтаныш екенін айтып ақынға алғысхат табыстады. Кездесу кешінде өлең оқылып, ән шырқалды, оқырмандар мен ақын арасында жүрекке жылылық ұялатар әңгіме-сұхбат өрбіді. Өзінің шығармашылық жолы, шабыт бастаулары, елге деген сағыныш пен әдебиет әлеміне бетбұрыс жасаудағы ұстаздар мен әдеби орта жөнінде әсерлі әңгімеге ұласты. Кездесудің төрінен табылған ақын Закария Жүсіпқалиұлы да "Жердің киесі болады. Жаңақала – күйдің ғана емес, жыр мен сөздің де мекені. Соңғы уақытта туған топырақтан шыққан жас ақындар әдебиет әлемінде есімдерін таныта бастады," – деп айтып өтті. Ауданымыздан шыққан үзеңгілес ақын Алтынбек Серікқалиұлы Орал қаласынан арнайы келіп, әдебиет әлеміне қадам басқан кездегі естеліктерімен бөлісті. Ал айтыскер ақын Данияр Нысанғалиев ақындардың ізін басып келе жатқан шәкірттерімен бірге келіп, балауса өлеңдерімен жас ақындардың аяқ алысын байқатып көрді. Кешті ұйымдастырушы аудандық аналар кеңесінің төрайымы Ақмарал Аманқызы сөз алып, қос ақынды тәрбиелеп, өсірген Бәлия Жұматайқызына ерекше ықылас танытса, болар баланы бетінен қақпай, белін буған ұстаздардың бірі Салтанат Жанғалиқызы да мектеп кезіндегі шығармашылық, әдеби кештер туралы естеліктерімен бөлісті.
image-08-05-25-05-13-2
Оқырмандар тарапынан да қойылған сауалдарға ашық мазмұндағы жауаптар берілді. Кешті қорытындылай келе Шерхан Талап ұйымдастырушыларға алғысын сонымен қатар, қазіргі кездегі кітап оқуға бетбұрыс барын айтып жерлес ақын Асылан Тілегенмен бірге орталықтандырылған кітапханалар жүйесі мен Жаңажол ауылдық кітапханаға әлем, қазақ әдебиетінің үздік кітаптарын сыйға тартатынын жеткізді.
image-08-05-25-05-13
"Ақын – елдің ардағы" кеші — поэзияға деген сүйіспеншілікті арттырып, жастардың рухани дүниесін байытатын, ақын мен оқырман арасын жақындастыратын тағылымды шара болды.
Сыйлыхан Жұмасалық,
Жаңақала ауданы
Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале