Бүгін Аналар күніне орай Жаңақала аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің ұйымдастыруымен «Ана мәңгілік махаббаттың нұры» атты сыр-сұхбат кеші өтті.

Алғысөз аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ақнұрлы Нұрғалиқызына ұсынылып, мерекеге орай құттықтау лебізін білдірді. Әрі қарай, халықтық «Айзере» әжелер ансамблінің мүшесі Нұржамал Спанқызы, зейнеткер ана Жұмазия Қазиденқызы, зейнеткер ұстаз Қарлығаш Бақтығалиқызы, зейнет жасындағы жеке кәсіпкер Нұргүл Қайратқызы, көпбалалы ана Нұрайнаш Нығметжанқызы, “Раяна” сұлулық салонының иесі, көпбалалы ана Әлия Құрманғалиқызы, жүрек жылуын дәмді тағаммен ұштастырған кондитер Динара Серікқалиқызы сынды арнайы шақыртулы қонақтарға сұрақтар қойылып, пайдалы жауаптар алынды. Әсіресе, кәсіп пен үй тірлігін қатар алып жүру, абысындарға деген көзқарас сынды сауалдар қойылды.

Дәстүрімізді дәріптеп, салтымыздың сыбызғы үнін сыңғырлатқан ақ жаулықты аналар өмір жолында болған қиын да қызықты оқиғаларымен бөлісіп, ене мен келін тақырыбына да тоқтала кетті. Содан соң, күмбірлете күй тартылып, сазды әндер шырқалды. Мәнерлеп оқылған ана туралы өлеңдер шараның көркін келтірді.

Жиын соңында барша қатысушылар мен қонақтарға орамал тарту етіліп, көңілді меймандар естелік суретке түсті.
#АналаркүніБҚО2025
#МеніңанамБҚО2025
Ақерке Мәлікқызы
Жаңақала ауданы