Жаңақала аудандық мәдени-демалыс орталығында білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Ұлттық құндылық – тәрбие, тәртіп бастауы» атты әкелер форумы өтті.

Шара мектеп оқушылары мен ұстаздардың дайындаған «Бала тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» композициясымен бастау алып, ішкілікке салынған әкенің жанұясына әсерін ұғындырды. Дәлізде ұлттық құндылықты дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған көрме көздің жауын алып, оған жиналған халықтың қарасы көп болды. Аталмыш көрмеге барлығы 14 мектеп ордасы, мектептен тыс жұмыс орталығы, орталықтандырылған кітапхана жүйесі атсалысты. Ақ жаулығы басынан түспеген келіндер келген қонақтарға ақ ұсынып, бауырсақтан дәм таттырды. Сөз алған аудан әкімі Алпамыс Жаңабайұлы ер-азаматтар қауымын пайдасы мол, маңызға ие форумға қатысуға шақырды. Модератор Данияр Нысанғалиев озық ойлы тұлғаларды таныстыра өтіп, жиынның мәні мен мағынасын түсіндіре кетті. Спикерлердің қатарында Асан ауылдық мешітінің бас имамы, Жаңақала ауылының құрметті азаматы Мұратбек Каспиұлы, аудандық сот төрағасы Меңдіғали Жүсіпбергенұлы, аудан прокуроры Қанәбіл Мұратұлы болды.

«Адам жаспен өспейді, жауапкершілікпен өседі» дегендей, қилы да қисынды жүріп өткен өмір жолдарынан азын-аулақ ойға сіңірген естеліктерін айтып, әке тәрбиесінің бала өміріндегі маңызын, перзентке дұрыс үлгі бола білуі жөнінде сөз қозғалып, модератор тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берілді. Әрі қарай, жиналған көрермендер арасында өз ойын жеткізгендер де болды. Соның бірі – белгілі жазушы, ардагер журналис Закария Сисенғали болатын. Ол бала тәрбиесінде кететін қателіктер мен жалғыз ұлына студенттік шағында көрсеткен өнегесі мен үлгісін әсерлі жеткізді. Содан соң, спикерлер ұлы ақын Абай Құнанбайұлының өмір жолы, әкесімен қарым-қатынасы жазылған Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясын талқылап, халық ауызында кеңінен таралған «Абайды Абай қылған - Құнанбай» деген ұғымға талдау жүргізді.

Иә, әр әкенің жүрегінің түкпірінен табылатын балаға деген үнсіз махабат пен шексіз қамқорлықтың жатқанын форумға жиналған қарапайым әкелер қауымының көз жанарынан да ұғуға болады. Бұл жиын арқылы тағы бір мәрте ұлт болашағына бірден-бір әсер ететін әке аманаты мен әлеуметтік мәселелерді шешу жолындағы әке рөлі туралы тереңінен ұғындық.
Ақерке Ғилымхан,
Жаңақала ауданы