Маскүнемдік – туабітті қанмен берілетін қасиет емес. Бұл күйге адам өз ерік-жігерінің жоқтығынан, өз бойын билей алмауынан ұрынып жатады. Сонымен қатар араласатын ортасының да әсері болмай тұрмайды. Көбінесе арақ ішетін маскүнемдер топтасып жүріп, көңіл көтеретін орта, «жанын ұғар дос» іздейді. Ішкен адамға жайшылықтағы бірсарынды өмірі қызықсыз, ішпыстырарлық болса, шарап ішіп шаттанған адам бөтелкенің буымен бәрін керемет сезініп, көңіл-күйін 180 градусқа өзгертуі мүмкін. Бірақ бұл – алдамшы, уақытша сезім екенін түсінген жөн.
Арақтың пайдасынан бұрын зияны шаш етектен екендігін сол пайдаланатындар білсе жақсы. Себебі оның тек бір ғана адамның денсаулығын емес, бүткіл отбасыны жалмайтынын, артындағы ұрпағына залалы келетінін түсінсе, түрінің өзінен шошынуға болар еді. Алкогольге тәуелді жанның шаңырағы ешқашан еңсе тіктеп, толыққанды жанұя бола алмайды. Үйдегі ұрыс-керіс, ырду-дырду бәсеңдемей, түгелдей отбасының берекесі қашатыны рас. Себебі ішкен адам адуынды, озбыр, дөрекі әрі ұяттан жұрдай болады. Бір күндік ішімдік ішу салдарының өзі отбасы мүшелерінің тыныштығы бұзылуына, жанжал шығуына жетіп артылады. Ал бір күндеп қана емес, бір апталап, не айға жуық, тіпті жылдап ішіп, арақтың құлы болған, салынып ішіп, тіпті үйдегі дүниені сатып ішіп, құлап-сүрініп, отбасының барлық жауапкершілігін жұбайының мойнына артып қойып жүрген оясыз әкелер қаншама?! Бұл жағдайлар – қаймағы бұзылмаған біздің қазақы ауылымыздың да көз жұма қарап, жабулы қазан жабулы күйінде қалдырып жүрген негізгі мәселесінің бірі. Иә, арақтың арбауына түсіп, арын сатып жүргендер азаюдың орнына, қас қылғандай керісінше көбейіп кеткендей көрінетіні қалай? Бұлай деуіме әрбір екінші үйде орын алып жатқан жайттар себепші... Сол жайттың өзі – көрген көзге оғаш, қадір-қасиеттен жұрдай, сұп-суық, сұп-сұр көрініс. Себебі біздің қазақтың әкелерді асқар тауға теңеген еңселі көзқарасы көз алдыңда шөгіп, шыңырауда шыңғырып жатады. Алдыңдағы ең биік, діңгегі мықты санаған алып еменің тамырынан қопарыла құлағанда, қолыңнан келер амалың таусылатыны ащы да болса шындық емес пе?! Сондықтан ер-азаматтар жағы, рухани азғындаудан аулақ болып, қоғамға, қала берді өз шаңырағына үлгі боларлықтай қылық танытқандары абзал. Бұл арақ ешкімге де опа бермеген, керісінше жақсы деген атына кір келтіріп, абыройын айрандай төктіріп, қоғамға сүйкімсіз, үйіне қадірсіз, пайдасыз «құр кеуде» қатарына қосады. Сонымен бірге адамзатқа тән «ұят» ұғымын ығыстырып, ойсыз-қамсыздыққа апаруға септігін тигізетіні тағы бар.
Осы мақаланы жазу барысында арнайы мамандардан да нақты мәлімет алған едік. Аудандағы ішімдікке қатысты орын алып, тіркелген қылмыстық істердің бұл статистикалық көрсеткіштері жоғарыдағы сөзімізді айғақтай түседі. Ал тіркелмегені қаншама?..
- Біздің аудандағы биылғы 9 айлық көрсеткіш мәліметінше ішімдік ішіп, әкімшілік жауапкершілікке тартылғандардың жалпы саны 71 адамды құрайды. Соның 37-сі отбасылық жағдайдағы ұрыста ішіп алып, жанұя мүшелеріне қол жұмсағандар, әртүрлі дене жарақатын салғандар. Ал ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық Кодексінің 73-бабы бойынша отбасылық тұрмыстық жағдайында 34 ер адам жанұя мүшелерін балағаттап, сыйламаушылық білдіріп, жауапкершілікке тартылған. Алкогольдік ішімдік ішкен күйінде автокөлік басқарғандар саны 39 адамға жетіп, жүргізушілік құқықтарынан айырылған.
Ал ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық Кодексінің 200-бабы бойынша алкоголь өнімдерін түнгі 11-ден кейін сатқаны үшін (дүкендерде) 2 адам жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық Кодексінің 463-бабы бойынша алкоголь өнімін рецензиясыз (кәсіпкерлік құқығы болмай тұрып) сатқан 4 адам тіркелді. Бұл жайт ауылдық округтерден (үйден сату) анықталған.
Жалпы аудан бойынша ішімдік ішіп, қоғамдық орындарда мас күйінде жүргендігі үшін 96 адам әкімшілік құқықбұзушылық бойынша жауапкершілікке тартылған. Соның 23-і – бір жыл ішінде екі рет немесе үш рет қайталап, аудандық сотқа арыз жіберіліп, 3 тәулік қамаққа алынғандар. Сонымен қатар аудан бойынша 1 азамат алкогольдік ішімдікті еріксіз емдеу мекемесіне мәжбүрлі түрде жіберілді.
ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық Кодексінің 442-бабы бойынша кәмелетке толмаған балаларының тұрғылықты мекенжайынан тыс жерде түнгі 11-ден кейін жүргені үшін аудан бойынша 93 ата-ана жауапкершілік арқалады. Қоғамдық тәртіп бойынша «түнгі мезгілдерде тыныштық бұзу» статусы бойынша 17 адам жауапкершілікке тартылды. Айқайлап, ысқырып, музыка қосып тұрғындардың мазасын алған бұндай жағдайлар көбінесе жаз мезгілінде орын алады, - дейді жергілікті полиция қызметінің жұмысын ұйымдастыру инспекторы, полиция капитаны Бижан Нұрымұлы.
Үлкендер ішімдікке сылқия тойып, өздерінің қара бастарын алып жүруге шамалары келмей жүргенде, жасөспірім балаларға не айта аламыз? «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледінің» кері, олар да үйдегі үлкендерден көргендерін тыста жасап жүрмесіне кім кепіл? Жаманның жаман екенін түсініп, ішкілік әдетке жоламасын делік, бірақ олардың психикасына ауыр соққы боп тиген сәттерді жадынан қалайша жоя аламыз? Балалардың болашағы бүгіннен бастау алады. Үйдегі ұрыс-жанжалдың кесірінен олардың бақытына балта шабылуда, соны уақытында түсініп, дер кезінде амалын жасау әрбір саналы ата-ананың міндеті деп ойлаймын.
- Мен қазір тұрмыстағы ересек әйелмін. Әкем біздің кішкентай кезімізде көп ішті. Даладан келе сала анамызға тиісіп, үйдегі заттарды сындырып, пышақ ала жүгіретін. Ондайда біз әкеміздің көзіне көрінбеуге, шамамыздың келгенінше тығылып қалуға тырысамыз. Анам да «оған жақындамаңдар, бөлмелеріңді кілттеп отырыңдар» деп бізге қатаң ескертетін. Содан болар әлі күнге дейін арақ ішкен адамды көрсем, кішкентай кезімдегі көріністер көз алдыма келіп, ашу-ызамды туғызады. Біреу дауыс көтере бастаса болды аяқ-қолым дірілдеп, көз жасымды да ірки алмай, өз-өзімді ұстай алмаймын. Қорқынышымды әлі күнге дейін жеңе алар емеспін. Арақты иттің етінен жек көремін, шыны керек. Жолдасым да кейде қонақтарда аздап ұрттап алса, көңіл күйім түсіп кетеді. Анамның басынан өткен қиын тағдыры менің басыма келердей қатты үрейленемін. Тағдыр да қайталанады дейді ғой. Әкем қазір арақтың кесірінен арбаға таңылып отыр. Анам бала секілді бағып-қағуда. Масыл болғанына налитын көрінеді. Бірақ өкінгенмен не пайда?! Ащы арақты ішіп-ішіп, Алланың қаһарына ұшырады деп ойлаймын. Қақаған қыста далада жатып қалып, аяқ-қолы үсіп кетіпті. Басқаларға сабақ болса екен деп айтып отырмын. Арақ ішу – жамандықтың басы. Қолыңа алсаң болды, шаруаң да оқсамайды, өзің де оңалмайсың. Соны түсінген дұрыс. Ал өзім балаларымның өзім сияқты жамандықты көріп өскенін, жүректерінің жастайынан тілім-тілім болғанын қаламаймын. Өмір бойына қорқып өмір сүрген өте қиын екенін білемін. Сондықтан дені дұрыс, сау қарым-қатынас құрып, мейірімді ата-ана болсақ деймін,- дейді аты-жөнін атамауды өтінген жас келіншек күрсінісін жасыра алмай.
Бұл арақтың зардабын тартқан бір ғана отбасының тағдыры. Жалпы жер бетінде қилы-қилы тағдырлар бар. Көптеген талқандаулы өмірлердің себепкері де осы ащы суды татып, соның уытынан басы айналып, білмей жасалған іс-әрететтер екендігін түсінуге болады. Бүгінде арақ-шарап, сыра, коньяк, вино, виски, (тағы да басқа) деп жік-жікке бөліп қарайтын алкогольдік сусындардың барлығы адам ағзасын улайтын, адамды мең-зең күйге түсіріп, ақыл-есінен айыратын улы сусындар екенін ұғынатын уақыт келді. Өз денсаулықтарымыз бен болашағымызға немқұрайлы қарамайық! Арақ ішіп ардан аттамаңыз, ағалар!
Жомарт Лұқпанов, аудандық мешіттің бас имамы:
- Жүсіп Баласағұни атамыз да:
Шарап ішпей, бәледен жүр қашықта,
Байқа, атанба зинақор да, пасық та.
Сақ бол, шарап, зинақорлық күйгізер,
Олар тонын кедейліктің кигізер, – деген екен.
Атам қазақ : Қызың арақ ішсе – қызығыңның кеткені, ұлың арақ ішсе – ырысыңның кеткені, – деген. Маскүнемдік адамдардың денсаулығын бұзып, шаңырақтың тату-тәттілігін шайқалтады, адамды әл-қуатынан, ерік-қайратынан айырады, тапсырылған іске салдыр-салақ қараушылықты тудырады, еңбек өнімінің төмендеуіне, өнеркәсіп пен транспортта жарамсыз өнім шығаруға, жұмысқа себепсіз кешігуге және апатқа ұшырауға әкеп соқтырады.
Маскүнемдік ағайыншылыққа, сыбайластыққа, жең ұшынан жалғасушылыққа, тамыр-таныстыққа жол ашады, принципсіздік тудырады, қылмыс жасауға итермелейді.
Арақ – адамға ең ауыр соққы беретін дерт. Елімізге осы арамнан түскен пайданың жақсылығы болмасы хақ. Өйткені, арақ кесірінен болған кісі өлімі, жол және өндірістік апат шығынын ешбір қаражат қайта қалпына келтіре алмайды. Оны жай қарапайым адамнан бастап ең білікті экономист те растайтын болар. Қоғам бұл қасіреттен айығу үшін барлық күрес тәсілін қолдану қажет.
Құндыз Қадырбаева,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz
Сурет:bing.com