Жаңақала мектеп-гимназиясында Д.Нұрпейісова атындағы ЖОББ мектебінде ұзақ жыл алғашқы әскери дайындық пәнінен ұстаздық еткен Сайын Боранбаевты еске алуға арналған «Патриотизм – ұлттық рухтың асқақ белгісі» атты аудандық әскери-спорттық ойындардан жарыс өтті.

Қонақтарды кіреберістен күтіп алған мектеп ұстаздары ақ ұсынып, Сайын Сәлімғалиұлының қызмет жолында қолданған құрал-жабдықтарынан жасақталған көрмені таныстырды. Мектептің спорт залында бастау алған шарада алдымен еліміздің мемлекеттік Гимны шырқалып, шәкірт алғысына бөленген ұстазды 1 минут еске алу рәсімі өтті. Сондай-ақ Сайын Сәлімғалиұлының шәкірті Нұрболат Жұмағұловтың әскердегі шынайы оқиға желісінен көрініс назарға ұсынылып, Қ.Жантілеуов атындағы аудандық балалар музыка мектебінің ұстаздары домбыраның шанағынан күмбірлете күй төкті. Спорттық додаға барлығы 15 білім ошағының оқушылары қатысып, бақ сынасты. Жарыстың ашылу салтанатына аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаев, орынбасары Руслан Ғұмар, аудандық қорғаныс істер жөніндегі бөлім басшысы, майор Азамат Көпбергенов, аудандық білім бөлімінің басшысы Данял Танзенов, Сайын ағамыздың жары, 35 жылдық ғұмырын ұстаздыққа арнаған Мақуза Қайратқызы, ағайындары, ел ағалары, әріптестері, достары, шәкірттері мен ұрпақтары қатысып, жүрекжарды лебіздерін білдіріп, естен кетпес естеліктерімен бөлісті. Байқау ережесіне сай қатысушылар АК-74 автоматын бөлшектеп бұзып және жинау, кермеге тартылу (ұлдар), шалқалап жатып, денені көтеру (қыздар) және арқан тартыс секілді спорт түрлерінен бәсекеге түсті. Шара барысында ата-ана жолын қуған Сайын Сәлімғалиұлының бүгінде елімізге танымал мұғалім қыздары 10, 11-сынып оқушыларына математика пәнінен арнайы дәріс өткізді. Осы орайда айта кеткен жөн, ағамыздың ортаншы қызы Элеонора Астана қаласында ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырмаларын құрастырушы және сарапшысы.

Саналы ғұмырын білім саласына арнап, үлкенге де, кішіге де үлгі бола біліп, оқушыларды темірдей тәртіпке, ұқыптылыққа, жауапкершілікке үйреткен ұстаздың шәкірттері де осал емес, өз саласының белді мамандары. Кісілігі мен кішілігі, азаматтығы мен қазанаттығы бір бойынан табылған Сайын Сәлімғалиұлын еске алуға арналған спорттық ойын қорытындысында жалпы командалық есеппен Карманов мектеп-бөбекжай-балабақша кешені ІІІ орынға лайық деп танылса, М.Жүнісов атындағы ЖОББМ ІІ орынға ие болды. Ал Жаңақала мектеп-гимназиясының оқушылары білімдарлықтарымен ғана көзге түсіп қоймай, спорттық бәсекеде де оза шауып, І орынның биігінен табылды.
Барлық қатысушы командалар мен олардың жетекшілеріне Сайын Сәлімғалиұлының ұрпақтарының атынан естелік сыйлықтар табыс етіліп, жекелей және жалпы командалық есеппен жеңіске жеткен жүлдегерлер диплом, медаль және арнайы кубокпен марапатталды. Спорттық шара соңында жауынгер ұстаздың рухына арналып ас берілді.
Айзада Ақбасова,
Жаңақала ауданы
