Бүгін Жаңақала ауданы әкімі Алпамыс Көшкінбаевпен бірге Бірлік ауылынан он төрт шақырым жерде орналасқан аумағы 700 га, тереңдігі 3 метрді құрайтын Қоғалы көліне бет бұрдық. Мұндағы мақсат, аталмыш көлді жалға алып, балық шаруашылығын кәсіпке айналдырып, одан мол өнім көріп отырған бірліктік Қажымұқан Борашевтың бір сәтке жұмыс барысымен танысу еді.
2017 жылдан бері аталмыш саланы өз қаражатына дамытып келе жатырған «Дулат» шаруа қожалығының иесі карп, амур балығының шабақтарын Ресей мемлекеті мен Қызылорда қаласынан алдырады.
- Жалпы карп, амур балығы түрлі жағдайларға тез бейімделеді. Бұл балықтардың ерекшелігі судағы балдырлармен жақсы күреседі. Ол балдырлардың мөлшерін айтарлықтай азайтып, артық өсімдіктерді жеп, су астындағы тазалыққа септігін тигізеді. Сондай-ақ олар тауарлы өнім болғандықтан, мол сұранысқа ие. Әзірге Орал қаласына көтерме бағада сатылымға жіберудеміз. Балықты суға жылдың кез келген мезгілінде емес, күз айларында жібереміз. Бүгін 68 мың дернәсілді көлге ағыздық. Суды одан әрі толтырып, өнімімізді тек ел ішіне ғана емес, шет мемлекеттерге шығару және консервіленген балық өнімдерін іске қосу жоспарда бар, - дейді адал еңбекпен нан табуды әдетке айналдырған Қажымұқан Құмарұлы.
«Игі істің басына, жақсы келер қасына» демекші, «Жайық Пресс» ЖШС-і бас директорының кеңесшісі Тоқтар Ғабдірешұлы мен ақпарат агенттігінің басшысы Нұрбек Закарияұлы да осы жерден табылып, көз қуантарлық істің куәсі болды.
Балық өсіріп, пайда табу – бүгінде берекелі бизнеске айналған. Ебін тапқан Қажымұқан ағамыздай кәсіпкерлер барда әлемдік аренадан орын аларымыз сөзсіз.
Айзада Ақбасова,
Жаңақала ауданы