Ұлыс мерекесі қарсаңында аудандық мәслихат аппаратының қолдауымен жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы барлық жақсылық атаулының төркінін батамен ұштастырған қазақ халқының бата беру дәстүрін, ұлттық құндылықтарының бірі ретінде кейінгі ұрпаққа үлгі етіп, қазақтың бай дәстүрлерін жаңғырту мақсатында «Батамен ел көгерер» аудандық батагөйлер сайысын ұйымдастырды.
Байқауға бекітілген ережеге сай 14 пен 35 жас аралығындағы 7 үміткер қатысып, бақтарын сынады. Үлкен ізденіспен тыңғылықты дайындалып келген үміткерлер тек бата беріп қана қоймай, жанұясымен бірге өнерлерін ортаға салды. Сонымен қатар салт-дәстүрден көрініс қойып, жөн-жоралғы мен әдет-ғұрпымыздың мәнін ашты. Көрермен көзайымына айналған батагөйлерге ауыл ақсақалдары Айтуған Шарафуддин, Тыныштық Өтешқалиев пен Данияр Зайдоллаұлы қазылық етті. Шара барысында Қ.Жантілеуов атындағы аудандық балалар музыка мектебінің шәкіртіНұрғиса Батырхан Әбдімомын Желдібаевтың «Еркесылқым» күйін орындап, жиылған жұртты бір серпілтіп тастады.
Байқау соңында мәслихат төрағасы Қамбар Қаменов сөз алып, марапаттау рәсімін өткізді. Нәтижесінде І орынға жаңажолдық Қасым Арыстанғали жайғасса, ІІ орынға жаңақалалық Наргиза Тұралиева ие болды. Мәстексай ауылынан келген Ақеділ Ғұбашев ІІІ орынға лайық деп бағаланды. Сондай-ақ жақсы өнер көрсеткен көпжасарлық Айбек Азидолла да құрмет төрінен орын алды. Жүлдегерлерге арнайы диплом мен қаржылай сыйлықтар табысталды.
Айзада Ақбасова,
Жаңақала ауданы