30.10.2025, 15:00
Оқылды: 51

Жаңақала ауданында «Дала сазы» облыстық домбырашылар байқауы басталды

Жаңақала ауданы күй байқауын өткізуді дәстүрге айналдырғандай. Бүгін де күй ордасы атанған киелі өңірде аудан әкімдігінің қолдауымен және мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен күйші, композитор Дәулеткерей Шығайұлының 205 жылдығына орай жасөспірімдер арасында «Дала сазы» облыстық домбырашылар байқауы өтуде.

image-30-10-25-02-08

Ашылу салтанаты барысында күйші Қали Жантілеуовтің ұрпағы, ардагер Болат Қаденов пен облыстық халық шығармашылығы орталығының жетекші маманы, «Мәдениет қайреткері» Есенгелді Молдағалиев «Алыптар алаңына» гүл шоқтарын қойды. Содан соң, қонақтар мен қатысушылар ғимаратқа еніп, аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі мен Дина Нұрпейісова атындағы өнер тарихы музейінің көрмесін тамашалады.  Әрі қарай, байқауға қатысушы 11 үміткер жеребе суырып, жеке реттік нөмерін анықтады. Бақ сынаушыларға Болат Шамұратұлы ақ батасын беріп, халықтық «Айзере» әжелер ансамблі мен «Ақбосаға» келіндер ансамблі жас өрендердің қадамдарына сәттілік тілеп, шашу шашты.

image-30-10-25-02-08-2

Күй дәстүрін тоғыстырған жеткіншектер мен олардың қолдаушылары аудандық мәдениет үйінің көрермен залына  аяқ басып, киелі мұраның күмбіріне толы облыстық күй байқауының 1-кезеңі басталды.  Сахнада Қали Жантілеуов атындағы балалар музыка мектебінің 30 домбырашысы TURAN этно-фольклорлық ансамблінің «Ер-тұран» күйін орындады. Содан соң, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ақнұрлы Нұрғалиқызы шақырылып, қатысушы үміткерлерге сәттілік тілеп, байқаудың ашылуымен құттықтады. Қасиетті қара домбыраның шанағынан төгілген күй қадірін арттырып жүрген көрермендер де залда толы болды. Иә, күй күмбірінің айтарын ұлы дала төсінде өмірге келген әрбір жан терең түсіне алары анық. Әрі қарай, байқаудың шарттары, талаптары мен мақсаты түсіндірілді. Сондай-ақ үміткерлердің шеберлігін әділ саралап, оң баға беретін әділ қазылар мүшелігі де таныстырылды.

image-30-10-25-02-08-3

Олардың қатарында «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР «Мәдениет саласының үздігі», Дәулеткерей атындағы қазақ халқы аспаптар оркестірінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері, бүгінгі қазылар алқасының төрағасы Жарас Болатұлы, ҚР «Мәдениет қайраткері», облыстық халық шығармашылығы орталығының жетекші маманы Есенкелді Ғарифоллаұлы, Құрманғазы атындағы саз колледжінің «халық аспаптар» бөлімінің домбыра сыныбы оқытушысы Олжас Сәбитұлы, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ақнұрлы Нұрғалиқызы және аудандық Қали Жантілеуов атындағы балалар музыка мектебінің домбыра сыныбы ұстазы Мұхамедияр Мұқтарұлы болды.

image-30-10-25-02-08-4

Байқау шартына сәйкес, қатысушылар 1 - кезеңде міндетті түрде саз әлемінің сардары Дәулеткерей Шығайұлының «Құдаша» күйін, содан соң, Құрманғазы, Сейтек, Дина сынды алып күйшілердің бір күйін өз қалаулары бойынша орындады. Бірінен бірі асқан жас өрендер толқумен қатар қуаныш сезімдерін де жасырмады. Ал ауданымыздың намысын балалар музыка мектебінің оқушылары Алина Мергенғали мен Бекзат Сәрсенбиев қорғады. Жас таланттар бұған дейін де бірнеше байқауларда төбе көрсетіп, оң жетістіктерге жетіп жүр.

 

Ақерке Ғилымхан,

Жаңақала ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале