Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен жылына екі рет есепті кездесу өткізуі дәстүрге айналды. Осыған орай С.Меңдешев ауылдық округінде аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаевтің қатысуымен ауыл әкімі Абзал Ахметовтің есеп беру жиыны өтті.

Кездесуде Абзал Ғайноллаұлы 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында атқарылған жұмыстарға тоқталып, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы негізгі бағыттар мен жетістіктерді баяндады. Аудан басшысы Алпамыс Жаңабайұлы да аудан көлеміндегі жұмыс барысы мен алдағы міндеттерді тілге тиек етті.

Тұрғындар да өз кезегінде елді мекеннің тыныс-тіршілігіне қатысты бірқатар өзекті мәселелерді көтерді. Атап айтқанда:
– Киік популяциясын реттеу қажеттілігі;
– Ақмамбет көпірінің ашу;
– Ауыл ішіне тротуар салу;
– Балабақша қажеттілігі;
– Қолдан ұрықтандыру пунктін ашу;
– Жалдамалы үйлерді беру тәртібін қайта қарау;
– Жас мамандарды тұрақтандыру және қолдау;
– Шаруа қожалықтары арқылы көшіп келетін көп балалы отбасыларға мал беру тетігін қарастыру;
– Жайылым тапшылығы;
– Мектепте шахмат үйірмесін ашу;
– Каналдарға су жеткізу;
– Полигонды таза ұстау.
Ашық форматта өткен жиында ауыл тұрғындарының белсенділігі жоғары болды. Барлық ұсыныс-пікірлер арнайы хаттамаға енгізіліп, жауапты мекемелерге жолданатын болады.

Есептік кездесуінен кейін аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаев тұрғындарды жеке қабылдады.
Тоқтала кетсек, «Жұмабай-Жәдік» өндірістік кооперативінің несие рәсімдеудегі кедергілері, жаңадан салынып жатқан ветеринарлық пункт аумағын қоршау қажеттігі, көң-қоқыс шығару үшін көмек пен әлеуметтік қызметкер мәселесі айтылды. Тағы бір тұрғын несиеге қойылған арестті шешуге жәрдем сұрады. Екі азамат жұмысқа орналасуға өтініш білдірді.
Барлық өтініштер назарға алынып, тиісті тапсырмалар берілді.
Сыйлыхан Жұмасалық,
Жаңақала ауданы