Бүгін Жаңақала ауданына қарасты Пятимар ауылында фельдшерлік-амбулаториялық пункт ашылды.
Биылғы жылдың маусым мен қыркүйек айлары аралығында күрделі жөндеуден өткен аталмыш нысанның жөндеу жұмыстарының жалпы жобалық құны 60 млн. 393 мың теңгені құрады.
Күрделі жөндеуді жүргізген мердігер Илемесов Ескаир Кафарұлы басқаратын – «Символ» ЖШС.
Салтанатты шарада алғашқы боп сөз алған Пятимар ЖОББ мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлсім Қазыбекқызы келген қонақтарды алғаш ашылған ауылдық дәрігерлік амбулаторияның тарихымен таныстырып өтті.
Аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаев жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтап, ауылдың дамуына үлестерін қосқан Пятимар ЖОББ мектебінің 2003, 2008 және 2013 жылғы түлектерін марапаттады.
Сонымен қатар БҚО Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Тоқсанов пен ауыл ақсақалы Сабырғазы Нұрхатов та ауыл тұрғындарына жылы лебіздерін жолдады.
Жиналған көпшілік медициналық нысанның ашылуына себепші жандарға алғыстарын жаудырып, қуана тарқасты.
Айзада Ақбасова
Жаңақала ауданы