Бүгін Ұлттық валютамыздың 30 жылдығына орай және Қаржыгерлер күніне байланысты Жаңақала аудандық экономика және қаржы бөлімінің ұйымдастыруымен аудандық әкімшіліктің кіші залында марапаттау кеші өтті.
Аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаев қаржыгерлерді және осы салада ұзақ жылдар бойы еңбек еткен ардагерлерді кәсіби мерекелерімен және Ұлттық валюта-теңге күнімен құттықтап, зейнеткерлер мен мереке иелеріне алғысхаттар табыстады.
Мерекелік шара барысында жиналған қонақтар мен ардагерлер азын-аулақ сөз қозғап, еңбек жолындағы есте қаларлықтай сәттерімен бөлісті. Арнайы дайындалған дастарханнан ауыз тиіп, шырқалған ән мен домбыраның күмбіріне тебіреніп отырдық. Мәслихат төрағасы Қамбар Сүлейменұлы сөз сөйлеп, ардагер, Жаңақала аудандық мәслихат аппаратының бас маман есепшісі қызметін атқарған Үміт Галиеваға өз сыйлығын табыс етті.
Жаңақала аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ақылбек Семенов сала мамандарын құттықтап, алғысын білдірді.
Сонымен қатар мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім басшысының міндетін уақытша атқарушы Асхат Абжанов та жиналған қонақтар мен қаржыгерлерге ризашылығын айтып бір марқайтып тастады. Кез келген сала қаржыгерлерсіз толыққанды қызметін атқара алмайтыны анық, қаржы қазанымыз ортаймай, несібеміз мол болсын деген ыстық лебіздер айтумен кеш қорытындыланып, жиынға қатысушылар естелік суретке түсті.
Ақерке Мәлікқызы,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz