2022 жылғы 23 қыркүйектегі «Тұрғын үй коммуналды инфоқұрылымын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы» заңнамасына сәйкес бүгін Қызылоба ауылында екіпәтерлі бес үй қолданысқа берілді.
Игі шараның ашылу салтанатына аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаев, орынбасары Ерлан Қажиев пен аудандық бөлім, мекеме басшылары қатысты. Баспаналы болған 10 отбасы – үй кезегінде тұрған толық емес және көп балалы отбасылар, жетім балалар, сондай-ақ мүгедектігі бар азаматтар. Баспана қуанышына бөленгендердің арасында көпбалалы отбасы санатымен жаңа қонысқа қонған ауыл тұрғыны Азамат Құспанғалиев те бар:
- Өзім бес баланың әкесімін. 10 жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрдым. Бұрын тұрған қонысым апатты жағдайда болатын. Бүгін менің жанұям үшін ақ түйенің қарны жарылған күн. Жаңа пәтерге ие боп жатырмыз, өте қуаныштымыз. Жақсы іске себепкер болған аудан, ауыл басшылығына алғысымды білдіремін, - деді ол.
Айзада Ақбасова,
Жаңақала ауданы