Жиынға облыстық коалиция мүшелері Ержан Хасанов пен Дулат Мақатов, сондай-ақ аудандық коалиция жетекшісі Закария Сисенғали қатысты.

Кездесу барысында спикерлер жиналған жастарға референдумның маңыздылығы мен оның ел болашағы үшін алатын орны туралы кеңінен түсіндірді. Олар референдум – халықтың мемлекет өміріндегі маңызды шешімдерді қабылдауға тікелей қатысуының демократиялық тетігі екенін атап өтті. Сонымен қатар жастарды ел болашағына бей-жай қарамай, азаматтық белсенділік танытып, қоғамдық-саяси өмірге белсене араласуға шақырды.

Кездесу барысында цифрландыру саласына қатысты бірқатар маңызды нормаларға да тоқталды. Бүгінде қоғам өмірінің көптеген саласы цифрлық форматқа көшіп жатқандықтан, азаматтардың жеке деректерін қорғау, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және электронды қызметтердің қауіпсіздігін күшейту мәселелері өзекті болып отыр. Осыған байланысты заңнамада цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздікті арттыруға бағытталған бірқатар баптар қарастырылғаны айтылды.

Сондай-ақ кибералаяқтықтың алдын алу мәселесі де ерекше назарда екені сөз болды. Қазіргі таңда ғаламтор арқылы жасалатын алаяқтық фактілері жиілеп отырғандықтан, азаматтарды қаржылық және ақпараттық қауіптен қорғау мақсатында заңнамалық жауапкершілікті күшейту көзделген. Коалиция мүшелері тұрғындарды күмәнді қоңыраулар мен ғаламтордағы жалған ақпараттарға сақ болуға шақырып, цифрлық сауаттылықты арттырудың маңызын атап өтті.
Жиын кейін AMANAT партиясының аудандық филиалында жалғасын тапты. Мұнда спикерлер ардагерлер кеңесінің төрағалары және мүшелерімен кездесіп, Ата заңның қоғамдағы рөлі мен референдумның мән-маңызы туралы пікір алмасты. Ардагерлер де өз ойларын ашық білдіріп, ел болашағына қатысты маңызды бастамаларға әр азамат жауапкершілікпен қарауы қажет екенін атап өтті.
Мұндай кездесулердің негізгі мақсаты – тұрғындарға референдумның маңызын түсіндіру, заңнамалық өзгерістер жөнінде кеңінен ақпарат беру және қоғамда белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыру болып табылады.
Райхан Хамзина,
Жаңақала ауданы