Бүгін қайырымдылық айлығы аясында Жаңақала ауданында «Қазақ Зағиптар Қоғамы» бірлестігінің төрағасы Сәкен Болатұлының ұйымдастыруымен, зағип жандарға арналып ақ дастархан жайылып, басқосу өткізілді.
Ізгі істің басы-қасында болып, дастарханды ыстық тағамымен де,тәттісімен де жайнатып, демеушілік танытқан «Нұр-Медина» мейрамханасының меңгерушісі Нұргұл Мұнайдарқызына бірлестік төрағасы Сәкен Еслямғалиев қоғам атынан ризашылығын білдіріп, алғысхат табыстады.
Жаңақала ауданының Қызылоба, Пятимар, Көпжасар, Бірлік ауылдық округтері және Үшкемпір елді мекенінен 25 адам қатысып, құрмет көрсетілді. Отырысқа жиналған қауым ұйымдастырушыларға игі тілектерін жаудырып, ақ пейілдерін білдірді.
Одан кейін халқымыздың әсем әуендерін жұмыла шырқап , көңілдері бір марқайып қалды. Үлкендерге сый-құрмет көрсету, көтеріңкі көңіл-күй сыйлау мақсатында ұйымдастырылған кездесу барысында қарияларымыздың жүздеріндегі ерекше қуанышқа куә болдық.
«Қарты бар үйдің қазынасы бар»,- дейді дана халқымыз. Үлкендеріміздің тәлім-тағылымы мен ақыл- кеңестерінің және өмірлік тәжірибелерінің орны бөлек. Сондықтан үлкендерге құрмет көрсетіп, сыйластығымызды білдіріп отыру қашан да маңызды.
Фариза Эдикқызы,
Жаңақала ауданы