27.01.2026, 15:45
Оқылды: 9

Жаңақала ауданында зерделі кеңес өтті

Аудандық сайлау комиссиясы биылғы Дүниежүзiлiк сайлау күнiне арналған іс-шараларды  ҚР Орталық сайлау комиссиясының бастамасымен «Электоральдық принциптер – сайлаушы сенімінің негізі» тақырыбымен өткізуде.

image-27-01-26-04-21-812

Бүгін «Заң үстемдігі» қағидаты аясында Жаңақала ауданының аумақтық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен  «Сайлау - қоғамның саяси жетілуінің көрінісі» атты аудандық зерделі кеңес өтті.  Оған саяси партиялар, аудандық мәслихат депутаттары, қоғамдық бірлестіктер, ЖАО, сайлау саласының ардагерлері, «Жас сайлаушылар клубының» мүшелері, аудандық сайлау комиссиясының және учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері қатысты. Жиынды комиссия төрағасы Жанболат Бақтыгереев жүргізді. Мақсаты – тәуелсіз еліміздің қалыптасу тарихымен тығыз байланысты сайлау жүйесінің даму кезеңдері туралы жұртшылықты ақпараттандыру, сайлаушылардың электоралдық белсенділігін арттыру және жас сайлаушылар арасында демократиялық құндылықтарға деген ұстанымын қалыптастыру. Алдымен Жанболат Бақтығалиұлы сайлау өткізудің ережелері, рәсімдері мен негізгі принциптеріне тоқталып өтті. Кейін сөз кезегі  аудандық сайлау комиссиясының ардагерлері, Қазақстан Журналистер Одағының мүшелері, ақын Закария Сисенғали мен Өмірзақ Ақбасовқа  ұсынылды.

- Кешегі өткен құрылтайдан кейін саяси жүйеде үлкен өзгерістер болып жатыр. Басында Конституциямыздың 40 шақты пунктіне өзгерту енеді деген болатын, қазір еліміздің саяси, әлеуметтік даму бағытына орай түбегейлі өзгерту қолға алынып жатырған секілді. Бұл жөнінде Президенттің шешімімен комиссия құрылып, оған 100 адам қатысқанын бұқаралық ақпарат құралдарынан көріп отырмыз. Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі айтқандай, бүгінгі сайлау жүйесінде бұрынғыдай бір мандаттан сайланбай, партиялардың ұсынысымен сайланатын болады. Ол жағын уақыт өте көре жатармыз. Ал ауданымыздағы сайлау комиссиясының жұмысына келер болсақ, ашық әрі әділ өтетініне көңілім толады”, - десе Закария Жүсіпқалиұлы, Өмірзақ Тұрақбайұлы: -”Сайлау - халықтың өзін-өзі басқаруға бағыттау шарасы. Бұрын өткен сайлауларда демократия болды. Депутаттардың ұсынбаларымен 2,3 үміткерді жан-жақты пайымдап, артықшылықтарын ескеріп, дауысты солай беретін.  Қазір халықты басқаруға жақындатамыз деп, сайлауды халықтың еркіне беріп қойды ғой.  Десек те халықтың санасы әлі өзін-өзі басқаруға жете қойған жоқ. Үміткерлердің деңгейін толықтай бағалай алмайды, - деді.

Сонымен бірге аудандық мәслихат төрағасы Қамбар Қаменов қозғалған тақырып төңірегінде баяндама оқыса, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Руслан Оразалиев, аудандық мәдени-демалыс орталығының басшысы, АСК-ның мүшесі Мұхит Сисенов пен УСК-ның мүшесі Ғалиябану Игібаева пікірлерін ортаға салды.

Жиын соңында Жанболат Бақтығалиұлы ауданымыздың сайлау жүйесінде өзіндік үлестері бар бір топ азаматқа облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ә.Жоламановтың алғысхатын табыс етті.

 

Айзада Ақбасова,

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале