19.11.2024, 22:00
Оқылды: 54

Жаңақала ауданында жас ақындар мүшәйрасы өтті

Бүгін Жаңақала аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Ауылым – алтын тұғырым» атты жас ақындар мүшәйрасы өтті.

image-19-11-24-06-32-4

Ашылу салтанатында сөз алған аталмыш орталықтың басшысы Дәурен Мерешов жас өрендерге сәттілік пен жеңіс тілеп, лебізін жолдады. Әділдігін беретін төрешілер қатарында жас ақын, облыстық, республикалық жыр мүшәйраларының жүлдегері Азамат Бақиев, халықаралық жыршы-термешілер одағының мүшесі Данияр Нысанғалиев, Жаңақала мектеп-гимназиясының ұлағатты ұстазы, Қазақстан журналистер одағының мүшесі Қаһарман Зинуллин болды.
Аудандық орталықтандырылған кітапхананың кітапханашысы Салтанат Тұрарбекқызы ауыл өмірі бейнеленген көрмеге тоқтала кетіп, аудан тарихында өшпес оттай сақталатын ақиық ақын Асылбек Ишановтың өнер жолына көз жүгіртті. Әр аймақтан жиналған 13 оқушы өз бақтарын сынға салатын додаға сақадай сай келгендей. Тақырыпқа сай, ақындар жарысының бірінші кезеңінде «Ауыл, туған жер» туралы өз туындыларын жатқа оқыса, келесі бөлімде еркін тақырыпта өз шығармашылықтарынан көркем сөздерін паш етті.

Нәтижесінде аудандық мектептен тыс жұмыс орталығының тәрбиеленушісі, ықыласы мықты, талпынысы күшті Ақбаян Ғилымхан (жетекшісі Салтанат Қарекенова) мен Жаңақала жалпы орта білім беретін мектебінің 7-сынып оқушысы Диляна Елтаева (жетекшісі Зарема Бейбітқызы) 3-орынға табан тіресе, М.Мирманов мектебінің оқушысы Жанәділ Талғатұлы (жетекшісі Айнагүл Жақсығұлқызы) 2-орынды місе тұтты. Жаңақала жалпы орта білім беретін мектебінің намысын қорғаған Дастан Қыден (жетекшісі Амангелді Ғабиденұлы) 1-орынды қанжығасына байлады. Барша қатысушыларға арнайы дипломдар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.

Ақерке Ғилымхан
Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале