Алғыс айту күнінің маңыздылығы ұлттар достығын нығайту, өткенді еске алу, бірліктің қадірін түсіну, мейірімділік пен көмек көрсету сынды игіліктерді насихаттайды.
Бүгін аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаев Алғыс айту күніне орай жұмыс күнін аудандағы «Ардагерлер үйінен» бастады. Алпамыс Жаңабайұлы «Еңбек ардагерлеріне құрмет көрсету – тек өткенді еске алу ғана емес, сондай-ақ болашақ үшін еңбектегі тәжірибелеріңізді алып, әрқашан үлгі етеміз» - деп атап өтіп, өткен жылы облысымыздағы ардагерлер арасындағы спорттық сайыста аудан намысын абыройлы қорғаған ардагерлер Қайрат Мұратұлына, Мақтым Қажиденқызына, Жұмазия Қажиденқызына облыстық батагөйлер сайында ерекшеленген Ғайниет Қарағойшыұлына алғысхат табыстады.
Ақсақалдар атынан сөз алған Тыныштық Өтешқалиев аудан әкіміне бірқатар наурыз тойын тойлау туралы, «Төребай» мазарын қалпына келтіру жөнінде, Құрманғазы Сағырбайұлы дүниеге келген «Сағырбай» қыстауына белгі қою туралы ұсыныстар айтса, наурыз айында 85 жасқа толатын «Ленин» орденінің иегері Құмарғали Қайыржанов кітабын жаңартып шығару туралы өз ұсынысын айтты.
Өз кезегінде сөз алған аудан әкімі ардагерлер ұсынысын қолдайтынын айтса, аудандық «Ардагерлер кеңесінің» төрағасы Қайырғали Жайымов ардагерлер атынан да алғысхат табыстап, жиынды қорытындылады.
Сыйлыхан Жұмасалық,
Жаңақала ауданы