Кездесуде округ әкімі Ақан Қапанов биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында атқарылған жұмыстар туралы баяндап, алдағы міндеттеріне тоқталды. Оған аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаев қатысып, аудан көлеміндегі атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, алдағы міндеттерді тілге тиек етті.

Сөз алған тұрғындар ауылды дамытуға қатысты бірқатар өзекті мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, жергілікті бюджеттің ұлғайғаны атап өтілсе де, кейбір депутаттар мен белсенді азаматтардың жиналысқа қатыспауы сынға алынды. Сондай-ақ, Тәуелсіздік саябағына техникалық судың жетпейтіні, Желтоқсан көшесіне қатқыл табанды жол қажеттігі, Жас туристер станциясы маңындағы тазалықтың нашарлығы, ескі кинотеатр ішінің ашық-шашық күйі және ауыл ішіндегі бірқатар кәсіпкерлік нысандар мен “Асель” тойханасы маңайының ластығы да тұрғындар назарынан тыс қалмады.

Сонымен қатар, Ғ.Салықов көшесіндегі көпқабатты үйдің қоқыс контейнерін қоршалған үлгіге ауыстыру ұсынылды. Кездесуден кейін өткізілген жеке қабылдауда жоғару оку орнына түсуге әкім грантын алуға жәрдем сұраған, баспана мәселесімен келген, сондай-ақ жұмыс іздеген азаматтардың өтініштері тыңдалды.

Ауыл халқы көтерген бұл мәселелер округ әкімдігінің жұмыс бағытына енгізіліп, алдағы уақытта шешу жолдары қарастырылады. Алдағы уақытта айтылған ұсыныстар ескеріліп, кезең-кезеңімен шешімін табады деген сенім бар.
Сыйлыхан Талапұлы,
Жаңақала ауданы