Несие – қарыз. «Алаған қолым береген» дегендей, керегінде өз еркіңмен саналы түрде алған қарызыңды қайтаруың керек. Өкінішке орай, несие аларда соншама асығып, керек құжаттың бәрін түгендеп, жарғақ құлағы жастыққа тимей жүгіретін несие алушылар қайтаруға келгенде кежегесі кейін тартып, керенауланып қала қояды.
Олай етуінің де бірнеше себебі бар. Алдымен, алған несиені мақсатты пайдаланып, бизнес-жоспарын мүлтіксіз жүзеге асыруға, сол арқылы мақсатына жетіп, шаруасын түзеп алуға ұмтылмайды. Алған қаржы оңды-солды жұмсалып кетіп, жағдайы бұрынғы күйінде қалады. Несие аларда оның сұрауы барын, ол қаржымен жұмыс жасауға өзінің қабілет-қарымы жетер-жетпесін санамен сараламау, ертеңіне болжам жасамау немесе «қолы көтере алмайтын шоқпарды беліне байлау» деген осы.
Екіншіден, қарызды қайтару жауапкершілігін сезінбейді. Сезінбегені сол, 2012 жылы Жаңақала ауданы бойынша құрылған 57 несие серіктестігі үкіметтен 382 800 мың теңге несиені бес жыл мерзімге алған еді. Уақыттан жүйрік не бар? Көзді ашып-жұмғанша бес жыл да өте шықты. Жоқ, несие серіктестіктері қым-қуыт шаруамен жүріп несие алғандарын ұмытып не өтеуге мұрса таппай қалған жоқ. Өйткені бес жыл бойы несие қайтарымының мардымсыздығын бір үзбей жазумен, естеріне салумен келеміз. Оларда қарызды қайтаруға құлық болған жоқ.
Оған дәлеліміз – 2012 жылы несие алған 57 несие серіктестігінің күні бүгін 47-сі үкіметке 268 190 310 теңге берешек болып отыр. Атап айтсақ, «Лесов И.Р» несие серіктестігі 16 105 437 теңге, «Жұбан-5» несие серіктестігі 15 250 160 теңге, «Болашақ Ж» несие серіктестігі 12 243 878 теңге несие қарызын қайтармай жүр. Берешегі бар 47 несие серіктестіктерін тізіп жазуды жөн көрмедік, тек қарызы көптерін ғана атадық. Бірақ қарызды қайтару - парыз. Қайтарымы мерзімінен асса, өсім есептелетінін де естен шығармау керек.
Өмірзақ АҚБАСОВ
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz