3.07.2025, 16:45
Оқылды: 143

Жаңақала перзенті: Ескінің соңы, жаңаның басы – Ғабекең

«Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» - дейді халық даналығы. Астарсыз ақиқат. Біздің кейіпкеріміз Ғабдығали ақсақал да алтынның сынығы, тұлпардың тұяғы екендігін де күмән жоқ. Шежірені шалып отырсақ атақты Байбақты-Қырықтық Жолай батырдан бір ата секіріп Донай бай, Донайдан тентек Текебай, тағы бір ата аттасақ қазір тоқсанды тізгіндеп отырған Ғабдіғалиға тірелеміз.  Бекзаттық та бойға дегдарлықпен қалыптасатын қасиет болса керек.  Осылардың қай-қайысы да бірі батырлығымен, бірі байлығымен, бірі іскерлігімен өз уақытында дәуірлеген тұлғалар. Кәне, ендеше сөзден іске кірісейік.

WhatsApp Image 2025-07-03 at 11.48.07

Ғабдығали ақсақал осыдан тоқсан жыл бұрын Жолай бабасының орын теуіп, ағайын-жұртын орналастырып кеткен Тұщықұлақтың бойында Иманқұл мен Ұлмекеннің шаңырағында дүниеге келген екен. Қарапайым ғана шаруа иелері Иманқұл мен Ұлмекен ауылдастарымен бірге сол кездегі басқа түскен қиындықтарды бастан өткерді. Атадан қалған дәулетті Үкімет сыпырып алып, ортаға салып, таңдайларына ақ тимесе де ертелі-кеш ұжымның шаруасында жүрді. Сөйтіп жүргенде он бірінші ауылда малшы болып жүрген туған ағасы Кәкімді «халық жауы» - деген желеумен тұтқындап, 1937 жылы 4 қыркүйекте Орал қаласындағы түрмеде атып өлтірген. Сот құрамындағы үштіктің мал соңында жүрген Кәкімнен қандай жаулық көргенін кім білсін. Әйтеуір «халық жауы» - деген қарғыс таңбасы 1989 жылдың 10 мамырына шейін Кәкімнің мойнынан түспеді. «Ақтың отын ақымақ өшіре алмайды» - дегендей, ақыры арада жарты ғасыр өткеннен кейін Кәкім де ағарып шықты.

Осындай шырғалаң уақыт шаңында қалып қоймай сәби Таптай (бала кезіндегі есімі) да қатарластарымен бірге №17 ауылдық Кеңестегі «Большевик» ұжымшарының орталығы Пәтердегі бастауыш мектептің табалдырығын аттады. Ал оның алғашқы ұстазы болашақ жеңгесі, соғыс және еңбек ардагері, Қазақстанның құрметті журналисі Мәжит Жадановтың зайыбы Донекова Зайда апай болған екен. Үкіметтің ірілендіру саясатымен 1949 жылы «Жаңа үнем», «Большевик» пен «Новый Путь» ұжымшарлары қосылып, кейіпкеріміз 7 сыныпты «Новый Путь» ұжымшарынан бітірген.

«Болар бала бесігінде бұлқынады» - дегендей мектеп қабырғасынан-ақ, үлкендердің әңгімесіне құлақ түріп жүретін жеткіншектің есінде көрнекті ұжымшар қайраткері Дүйсенбай Сухановтың әкесімен жақсы қарым-қатынаста болғаны, төрағаның әкесін үнемі жауапты істерге жұмсайтыны, іс-сапарларда өзімен біге алып жүретіні жақсы сақталыпты.

Орталау мектепте Есқақ Аманғалиев, Жақия Арыстанбеков, Ишан Ақжанов сынды елге танымал ұстаздардың алдын көрген бала Таптай, С.М.Киров атындағы орта мектептен Рахым Құдайбергенов, Ғұмар Салықов, Бисекеш Дәулетов, Қанық Құрмашева (белгілі айтыс ақыны Елекеш Қалиевтің зайыбы) сияқты ұстаздардан білім алып, сол мектепті бітіріп шықты.

Осы кезде Ғабекеңнің өмірінде ерекше оқиға болды. Кәмелеттік аттестат аларда мектеп әкімшілігі бір топ оқушыларды аудандық мұрағатқа жіберді. Міне, ғажап, мұрағатта мұның аты-тегі Текебаев Ғабдығали Иманқұлұлы болып тіркелген екен. Сонымен он тоғыз жыл Иманқұлов Таптай болып келген бозбала сол кезден бастап жиырма бір жасар Текебаев Ғабдығали Иманқұлұлы болып шықты.

Ғабдығали Иманқұлұлы бір жылдай Отан алдындағы борышын Ресейдің Благовешенск қаласында өтеп, денсаулығына байланысты елге оралып, 1958 жылы Алматы зоотехникалық – малдәрігерлік институтына түсіп, бес жылдан кейін осы оқу орнынан оқымысты-зоотехник мамандығын алып шықты.

Осы оқу орнында жүріп шет тілдер институтының студенті Дариға Бақытқызымен танысып, бал дәурен шақтарын бірге өткізеді.

Жас маман еңбек жолын Фурманов ауданының «Ақкөл» кеңшарының Көмекші бөлімшесінде зоотехник болып бастады. Бөлімше меңгерушісі Нүпи Дүйсенғалиев, Социалистік Еңбек Ері, кеңшар директоры Зейнолла Өксікбаев, бас зоотехник Айсағали Әбиев. Шаруашылықта осындай адамдармен істес болған Ғабекең ол жылдарды әлі күнге шейін ұмыта алмай, еске алып отырады.

Ғабекең өзінің 80 жылдық мерейтойына Алматыдан келген Айсағали досына шапан жауып, ат мінгізгеніне де куә болдық.

Осылайша еңбекке жастық жігермен кіріскен жас маман аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Кенжебек Мендалиевтің қабылдауына шақырылады.

- Ол кезде Кенжақаңның атағынан ат үркетін кез. Қабылдау бөлімшесіндегі әйел адамның ишарасымен кең кабинетке кірсем хатшы терезеден көз алмай ой үстінде отыр екен. Келгенімді мәлім етіп, өзімді таныстырып едім бетін бұрмастан Ахмедиярға - бар деді – деп еске алады Ғабекең.

Ахмедияр Хұсайынов, аудандық оқу бөлімінің бастығы, Кеңес Одағының Батыры.

Батыр аға жайдары қарсы алды, мән-жайды түсіндіріп, кадр тапшылығына тоқталып, мені Фурманов орта мектебіне «Мап шаруашылығы негіздері» пәнінен сабақ беруге жұмсады. Осы кезде «Егер С.Мендешов атындағы орта мектептің шет тілі пәнінің мұғалімі Дариға Бақытованы осында алдырсаңыз, жұмсаған жеріңізге барамын» - деп шарт қойдым. Батыр мәрт екен, шартымды бұлжытпай орындады. Сөйтіп 1964 жылы Дариға екеуміз шаңырақ көтеріп, отау тіктік – дейді Ғабдіғали ағамыз қимас жылдарын сағынышпен еске алып.

Ғабдығали Иманқұлұлы зайыбы, ұлағатты ұстаз Дариға Бақытқызымен.11

Ғабдіғали ағамыз бен Дариға апамыз алпыс жыл бақытты ғұмыр кешті. Екеуі Энжиль, Едіге, Эмиль атты үш ұлды дүниеге әкеліп, адам асыл етіп өсіріп, Ғабекең қазір шөбере сүйіп отырған бақытты ата. Ұлағатты ұстаз Дариға апамыз 2023 жылы өмірден өтті.

Мектепте үш жыл қызмет атқарғаннан кейін Ғабекең Фурманов аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында аға, бас зоотехник болып қызмет атқарды.

Осы жылдарда Ғабекеңнің тындырған үлкен ісі шаруашылықтардағы биязы жүнді қойды, еділбай тұқымына айналдыру еді. Кейбір шаруашылық басшыларының қарсылығына қарамастан маман бастаған ісін батыл жүзеге асырды.

1972 жылы Жаңақала ауданы қайта ашылғанда Ғабекең де аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы болып, туған топырағына оралды.

Енді Ғабекеңнің атқарған қызметтерін түйіндеп айтатын болсақ, 1973 жылдың шілде айынан 1979 жылдың желтоқсан айына шейін «Жаңақала»  қой кеңшары партия ұйымының хатшысы болып, мемлекеттің жүргізіп отырған сара саясатын жұртшылық арасына насихаттау, коммунистерді шаруашылықтың сан қилы жұмыстарына жұмылдыру бағытында белсенді іс атқарды. Аудандық партия, атқару комитеттерінде жауапты қызметтерде болды.

Ғабекең іскер де ұйымдастыру қабілеті зор басшы екендігін Орал мемлекеттік аң аулау шаруашылығын басқарған жылдары көрсетті. Мекемені өз қолымен құрған Ғабекең көптеген түйткілді мәселелерді шеше отырып, оны аудан халқының игілігіне қызмет көрсету деңгейіне көтерді. Жаңа жұмыс көздерін тапты. Қазіргі көкейкесті, өзекті іске айналған киік аулау - өте оңтайлы әдіспен жүргізілді.

Қисық-Қамыс поселкелік Кеңесінің төрағасы кезінде ауылды газдандыру, бау-бақша салу ісін шебер ұйымдастырды. Ауыл жанындағы қорымды қоршау мәселесін қолға алған да Ғабекең еді.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі жүргізілген сан-алуан реформалар зейнеткер Ғабекеңе тың күш, ерекше екпін берді.

Әке таяғын ұстаған Едіге Ғабдығалұлы ауыл шаруашылығы еңюеккерлерінің форумында. (2)

Кәсібін шарбағындағы бау-бақша өнімдерінен бастаған Ғабекең кәсіпкерлік салаға батыл араласып кетті. Әр қиырда еңбек етіп жүрген ұлдары бір тоқтамға келгенше ісін дөңгелетіп алып кеткен Ғабекең білікті де білімді кәсіпкер ретінде ауыл-аймағына танылып үлгерді. Тарих қойнауына кеткен қоғамдық формацияның соңы болған Ғабекең, елімізде жүргізіліп жатырған істердің басына шықты. Сондықтан мен де саналы түрде осы мақаламды «Ескінің соңы, жаңаның басы» - деп атауды жөн көрдім.

О бастан мал шаруашылығының майталман маманы енді өзінің төл ісімен айналысуды жөн көрді. Осылайша «Ғабды-Ғали» шаруа қожалығын құрды. Ісі өрге басты. Шаруасын аяғынан тік тұрғызғаннан кейін тізгінін ұлы Едігеге табыстады. Бұл күндері мал тұқымы асылдандырылған, озық технологиямен жабдықталған, мекен-жайы табиғи газбен қамтылған бірден-бір шаруа қожалығы ақсақалдың атында.

Өзінің бастаған ісін өрге шығарған қос ұлы Едіге мен Эмильге, келіні Лаураға Ғабекең де дән риза. Тоқсанның тұғырына көтерліген Ғабекеңнің шаруа басында жүрген перзенттеріне берер кеңесі әлі де  аз емес.

Халқына қалтқысыз еңбек етіп, абырой-беделге ие болып, өз өңірінің Құрметті азаматы атанған абыз-ақсақалға ғасырлық ғұмыр тілейміз.

Закария Сисенғали,

еңбек ардагері

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале