Ауданның спорт өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі – шахмат, үстел теннисі, аударыспақ, футзал және волейбол бойынша өтетін Жаңақала ауданы лигасының ресми ашылу салтанаты өтті.

Шара аудан әкімдігінің қолдауымен, аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен «Jastar» спорт клубының ұйымдастыруымен жоғары деңгейде өтті.
Биылғы маусымда футзал қызмет лигасына 18 команда, волейбол лигасына 9 команда, сондай-ақ үстел теннисі, аударыспақ және шахмат лигаларында спортшылар бақ сынамақ.
Ашылу салтанатына аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаев, мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ақнұрлы Еслямғалиева, «Jastar» спорт клубының директоры Жанболат Ғұмаров, Жаңақала ЖӨБ басшысы Айдарбек Таңатаров, сондай-ақ аудан спортының ардагері Қожантай Мырзақұлов қатысты. Алдымен Мемлекеттік Ту көтеріліп, Қазақстан Республикасының Гимны шырқалды. Алпамыс Жаңабайұлы құттықтау сөзінде спорттың қоғамдағы рөлі, бұқаралық спортты дамыту бағытындағы жұмыстар жөнінде тоқталып, барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.
Шара барысында Жаңақала балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің бокс тобы өздерінің дайындық қойылымын ұсынып, көрермендерге ерекше рух сыйлады.

Ашылу салтанатынан кейін волейболдан 2024–2025 жылғы лига чемпиондары Жаңақала ЖӨБ және 2023–2024 жылғы чемпиондар Жаңақала БЖСМ командалары арасында суперкубоктық матч өтті. Ойын нәтижесінде Жаңақала ЖӨБ командасы суперкубок иегері атанды.

Футзал бойынша «Jastar» спорт клубы мен Төтенше жағдайлар бөлімі және №16 өрт сөндіру бөлімінің біріккен командасы өзара кездесіп, тартысты ойын қорытындысында «Jastar» спорт клубы командасы суперкубокты жеңіп алды.
Сыйлыхан Талапұлы,
Жаңақала ауданы
