Қасиетті Рамазан айы - мұсылман үшін Алланың рақымы мен шапағатына бөленетін, сауабы мен берекесі мол ай. Бұл айда жасалған нәпіл амалдарымыз үшін сауап жазылмақ. Сол сауабы мол амалдың бірі - аузы берік жанға ауыз аштыру. Айта кетсек, Жаңақала аудандық мешіті қашан да игі істерге ұйытқы болып келеді. Соның бір дәлелі ретінде жақында аудандық мешіттің ұйымдастыруымен және жаны жомарт, қолы ашық жеке кәсіпкер ағамыздың қолдауымен 100 адамға арналып ауызашар берілді.
Елде болып жатқан жағдайға байланысты бұл ауызашар әрбір ораза ұстаушы жандардың үйлеріне жеткізумен ерекшеленді. Бұл сауапты іске мешіт жамағаты бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бір адамдай ұйымшылдықпен атсалысты. Ал кәсіпкер ағамыз азық-түлік алуға қаржылай қолұшын созды.
- Ауыз аштыру - сауабы мол амал. Аузы берік жанға бір құрма немесе зәйтүн ұсынып, ауыз аштырса, ауызашар сауабын алады және күнәсі кешіріледі. Дініміз бойынша, өзгелерге ас-су беру сауапты амал екендігін білеміз. Ал Рамазан айында ауыз бекіткен бауырларымызға тамақ беру - одан да сауапты іс. Демек, мұсылман адам өзі ораза ұстап, шексіз сауапқа кенелгендей өзгелерге ауыз аштырып, солардың ұстаған оразаларындай тағы да сауапқа қол жеткізеді. Хазірет Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде былай дейді: «Кім бір мұсылман бауырын ауыз ашар уақытында тамақтандырса, оның сауабындай сауап алады. Аузы берік жанның сауабынан ешнәрсе кемімейді» (Тирмизи риуаяты). Сондықтан да қасиетті айда ер-азаматқа тән мәрттік жасап, ауызашар берген кәсіпкер ағамызға Алла разы болсын демекпіз. Алла тағала әулетіне береке берсін! Ағамызға аудан тұрғындары атынан ақжарма алғысымды білдіремін,- дейді Жаңақала аудандық мешіттің бас имамы Ерік Сұлтанов.
Алтынбек Ермекқалиев,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz