Апта басында алдын ала бекітілген жоспарға сәйкес аудан аумағындағы ауыл әкімдерінің биылғы жылы атқарған жұмысы жөнінде тұрғындар алдында есеп беру кездесулері басталды. Жиынға аудан басшысы Алпамыс Көшкінбаев, аудандық мәслихат төрағасы Қамбар Қаменов, аудандық мәслихат депутаты Марс Жұмалиев, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысы Абат Ишанов, аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Есен Бекболатов қатысты.
Округ әкімдерінің баяндамаларынан соң Алпамыс Жаңабайұлы аудан көлемінде атқарылып жатқан игі істерді атап өтіп, төрт түлік малмен араласып, мал азығына айтарлықтай кесірі бар ақбөкен мен күре жолдың мәселесіне кеңінен тоқталды. Биыл асфальтты жол Мәстексай ауылынан асып, келер жылы Жаңақазан жеріне дейін жеткізу жоспарда тұрғандығын тілге тиек етіп, осыған дейін «Шаруа қожалықтарына жер заңсыз берілген» деген қауесетке нүкте қойып, жердің заңдастырылғаны туралы Президент әкімшілігінен келген хабарламамен таныстырды.
Жаңақазанда жаңа үйлер салынып жатыр
2 245 халқы бар ауыл басшысы Сәкен Ғұбашевтың берген мәліметінше үстіміздегі жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 1 тұрғынның өтініші «Ақжайық» ӘКК-на тапсырылса, атаулы әлеуметтік көмек алатын бір адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылған. Әр жылғы мектеп түлектері 5 миллион теңге қаражат көлемінде ауыл ішін көркейту мақсатында демеушілік танытқан.
Сондай-ақ ауыл халқының санын көбейту мақсатында екіпәтерлі 5 үй (екі үй Жуалыой елді мекенінде, үш үй Жаңақазанда) мен жергілікті жұрттың сұранысымен спорт кешенінің құрылысы басталды. Жаңа баспана кезекте тұрған азаматтарға берілетін болады. Және «Темиршариф» ШҚ-ның қолдауымен Меңдешев көшесіне қиыршық тас төселіп, жолды көтеру жұмыстары жүргізілетін болады. Сонымен бірге Сәкен Болатұлы ауыл халқынан ішкі санитарлық тазалық жұмыстарына белсенділік танытуға шықырды.
Айдынғали Оңаев есімді тұрғын күйіп тұрған киік мәселесін қозғап, дала жануары қорадағы төрт түлікке ауру таратып жатқандығын айтып, ветеринар дәрігерлерден мұқият қадағалауын талап етсе, мектеп басшысы Лунара Жұмағалиева бастауыш мектеп шатырын ауыстыру қажеттігін ескертіп, білім ордасын жоғары жылдамдымдықты ғаламтор жүйесімен қамтамасыз етуді сұрады.
Ал Эльмира Сауменова түлектер тарту еткен саябақтағы теректерге күтім көрсету керектігін алға тартып, өнімін күнделікті тұтынып жүрген төрт аяқты жануарлардың ауыл ішіндегі күл-қоқысты қорек қылып жүргенін айтып, мал дәрігерлерінен екпе жұмыстарын жүргізуді өтінді.
Жаңажолдықтардың жәйі қалай?
- Округіміздің негізгі саласы – мал шаруашылығы болғандықтан, бүгінде үш ЖШС мен 40 шаруа қожалығы жүйелі жұмыс жасауда. Шабындыққа шалғы салар уақыт та таяп қалды. Алайда қожалықтардағы 65 трактордың 15-і ғана техникалық байқаудан өткен, бұл дегеніміз өте төмен көрсеткіш. Ауыл шаруашлығына келер болсақ, «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 3 сүтті бағытта, 1 қой шаруашылығы негізінде барлығы 4 жоба өтіп, оның біреуі құжаттарының бұрыстығына байланысты қате деп танылса, бір тұрғын ұсынған жобасын өзгертуді сұрайды. Әлеуметтік сала бойынша 4 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, атаулы әлеуметтік көмек алатын 5 отбасы табыс көздерінің артуына орай 3 жанұяға кеміді. Кіші Айдархан елді мекенінде фельдшерлік пунктінің құрылыс жұмысы басталса, Сарыкөл ауылындағы аталмыш нысанның күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға тәмам. Мектеп бітіргендеріне 50 жыл болған түлектер ауыл саябағына 50 түп көшет отырғызса, 30 жылдық түлектер балалар ойын алаңына 2 әткеншек сыйға тартты, - деп ауыл әкімі Айбек Ишанов сөзін түйіндеді.
Сөз кезегі ауыл тұрғындарына ұсынылып, «Нәрік» ШҚ иесі Марат Темірбеков биыл келген тасқын судың жол қатынасын ұзартқанымен, төрт түлікке қолайлы екенін жеткізіп, киік жануарынан кейбір қожалықтардың малдарына ауру тарап, шығынға батқандарын жасырмады. Жанбатыр Жүзжасаров болса, ауыл ішінде мал бордақылау алаңының иесіне алаңнан шығатын иіс тұрғындардың әбден титықтарына тигенін айтып, шара қолдануды сұрады. Кәсіпкер жуық арада шешуге уәде берді.
Ал Серік Базарбаев атты азамат айта-айта жауыр болған мектепке жеңіл көлік керектігін бұл жолы тағы да тілге тиек етті. Алпамыс Жаңабайұлы ауылдың ветеринарлық станциясы қызметтік көлікпен қамтамасыз етілетінін айтты.
«Бұралқы иттер басынып барады»
Аудан басшысының бір күнге созылған жұмыс сапары Мәстексай ауылында жалғасын тапты. Ауыл әкімі Ержан Тілепбергенов:
– Былтырғы жылмен салыстырғанда тұрғындар саны азайып, өткен жылы 442 отбасы болса, биыл 438-ді құрап отыр. Округ бойынша 26 кәсіпкер тіркеліп, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында биыл 8 азамат несие алуға жобаларын ұсынды.
Ауылшаруашылық малдарына диагностикалық зерттеулер мен емдеу шаралары уақытылы жүргізіліп, бруцеллез ауруына 4 910 бас мүйізді ірі қарадан, 809 ұсақ мүйізді қарадан қан алынып, тексерілді. 1 МІҚ аталмыш дерт анықталып, жойылды. 6 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады, 70 азамат жұмыссыздар қатарында тіркеуде. 11 адам шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлердің қарамағында еңбек етуде. Биыл көктемгі маусымда тазалық айлығы барысында сенбіліктер жүйелі өтіп, ауыл маңы қоқыс қалдықтарынан тазартылды. Атқарылар істерге тоқталсақ, ауыл шетінен мал бордақылапу алаңын салу жоспарлануда.
Былтырдан қалған 9 көшеге техникалық көл суын тарту үшін 3 500 метр пластик құбырмен қамтамасыз ету, жұмыссыздықты азайту мақсатында тұрақты жұмысқа – 40, «Жастар» тәжірибесімен – 7, алғашқы жұмыс орнына – 1, қайтарымсыз несие алуға – 3, 2,5 пайызбен несие алу үшін – 2, әлеуметтік жұмыс орнына – 3 адамды орналастыру көзделуде. Сондай-ақ осы жылы ауылішілік 2 шақырым қатқыл табанды жол құрылысы басталып, қаржының қаралуына қарай 4 шақырым жаяу жүргіншілер жолының жобасын жасақтау жоспарда тұр. Мұқыр елді мекенінің медициналық пунктіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, аталған ауылға тұрғын үй салу үшін кәсіпкерлер қарастырылуда, - деп сөзін қорытындылап, жиынға қатысушылардан көкейлеріндегі күпті ойды ортаға салуды ұсынды.
Алайда өз еркімен орнынан тұрып, сауал қоюға ешкімнің құлқы болмады. Сырттай бақылап отырып, «Мәстексайда мәселе жоқ екен-ау» деген ойға келдік. Аудан, ауыл әкімінің бірнеше қайталауынан кейін ғана Теміржан Сапарғалиев есімді еңбек ардагері ветстанцияға көлік керектігін айта кетіп, Ұлы Отан соғысының 80 жылдығына орай ауылішілік саябақтағы боздақтар тізіміне енбей қалған жерлес жауынгерлерді қайта түгендеп, тізімді жаңартуды өтінді.
Өзін Энгельс Әлмұханов деп таныстырған тұрғын биыл шөп шығымының мардымсыздығына қоса, киіктердің шабындықты отап жатқандығына күйінішін білдірді. Және ауыл ішінде бұралқы иттердің қаптап жүргенін, қорадағы малға тиіскені аздай, адамға да шабуылдайтынын айтып, тиісті шара қабылдауды сұрады.
Есептік басқосу аяқталған соң, округ басшылары тұрғындарға жеке қабылдау ұйымдастырды.
Айзада Ақбасова
Жаңақала ауданы