12.06.2024, 21:30
Оқылды: 130

Жаңақалада ауыл әкімдерінің кезекті есеп беруі жалғасуда

Жоспарға сәйкес, Жаңақала ауданы аумағындағы ауыл әкімдерінің есеп беруі жалғасып жатыр. Есепті кездесуге аудан әкімі Алпамыс Жаңабайұлы, аудандық маслихат төрағасы Қамбар Сүлейменұлы, аудандық тұрғын үй жолаушылар, автобильдер жолдары бөлімінің басшысы Абат Тимурұлы, аудандық мансап орталығының құрылым басшысы Анаргүл Аткешева, аудандық электр торабының басшысы Сәтжан Сұлтанғалиұлы, аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Есен Хайратұлы қатысты.

image-12-06-24-08-41-5

Күн тәртібіне сай бірінші кезекте Қызылоба ауылдық округіне бет бұрып, әрі қарай Бірлік, Пятимар ауылдарына тоқталды. Оқруг әкімдерінің баяндамаларынан кейін, аудан әкімі су тасқыны кезінде көмек көрсеткен барша жанға өз алғысын білдіріп, жыл сайын ауылға көрік беретін сый тарту етіп жүрген түлектерге де ризашылығын жеткізді. Әрі қарай, ауыл халқының санын көбейту мақсатында екі пәтерлі тұрғын үй құрылысына тоқталып, аудан көлемінде атқарылып жатқан игі істерді атап өтті.

Жеке кәсіпкерлер мен Шаруа қожалықтарына Қызылоба халқы неге наразы?

1507 халқы ауыл басшысы Аманжол Жұмағазиевтің мәліметінше округ құрамында 2 елді мекен және 36 қыстақта шаруа қожалықтары орналасқан. Жалпы 87 ауылшаруашылық құрылымдары бар. Оның ішінде 10 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 20 жеке кәсіпкер, 56 шаруа қожалығы, 1 СПК бар. 2024 жылдың 1 қаңтарындағы есепке сай, ауылдық округ бойынша 4055 бас жылқы, 15418 бас қой-ешкі, 12 түйе, 698 құс тіркеліп тұр. Жоба құны 311 млн теңгені құрайтын фельдшерлік амбулатория пункт құрылысы салынып, 56,427 млн теңгеге ауыл ішіндегі жолдардың құрылысы жүргізілген.

Ауыл тұрғыны Алтын Мырзагалиева көл суының әлі күнге дейін дұрыс жеткізілмегендігін, кірме жол мен жаяу жүргінші жолының дұрысталуын сұрады. Сонымен қатар, «ауылға деп едәуір ақшалар бөлінеді, бөлінгеннің есебін неге білмейміз» - деп, өз наразылығын білдірді.

image-12-06-24-08-41

Марат Қожахметов есімді азаматауыл ішінде шаруа қожалықтары яғни үлкен қоралар мен техникалар орталық көше бойында самсап тұрғанын айтып, оларға шара қолдануын сұрады. «Қарамағындағы барлық малын ауыл ішінде қора салып ұстап отыр, далаға жіберуге болмас па екен» деп жан айқайын жеткізді.

Бірліктіктер неге үнсіз? 

Халықтың негізгі кәсібі – ауыл шаруашылығы. Мал басы санағы бойынша 8273 бас ірі қара, ҰМҚ 27980 бас, 5377 бас жылқы малы, 32 түйе, 683 дана құс бар. 1538 тұрғын, 342 тұрғын үй бар. Денсаулық сақтау саласы бойынша 9 қызметкер жұмыс жасайды. Деректерге сүйенсек 2024 жылы 10 сәби дүниеге келіп, 3 адам өмірден өтті. Округ бойынша 1 мәдениет үйі, 1 клуб, 2 кітапхана қызмет етеді. 2024 жылдың 1 тоқсанына мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке 3 отбасы (16 адам), 2 тоқсанында 4 отбасы (21 адам) тағайындалып, жыл басынан бері ақылы қоғамдық жұмысқа 8 адам тартылды дейді ауыл әкімі Ерболат Жакашев. Баяндама аяқталған соң, ауыл тұрғындары тарапанын ешқандай ұсыныс-пікір, сұрақтар туындамады.

Ауылы бірдің – ауызы бір...

Аудан әкімі Алпамыс Жаңабайұлының бір күнге созылған іс-сапары Пятимар ауылында жалғасын тапты. Ауыл әкімі Бауыржан Рамазанов:

- Округ құрамына Аққұс, Борық, Плантация атты елді-мекендеркіреді. Жалпы жер көлемі 191873 гектарды құраса, қазіргі таңда халық саны 1668 адамға жетіп тұр. Үй саны – 374. Халықтың негізгі күнкөріс көзі мал шаруашылығы. Ауылдық округ бойынша 65 шаруа қожалық бар. Мал азығына дайындалатын шөп бағасы 6000-7000 теңге. «Атаулы әлеуметтік көмек» бағдарламасы бойынша 2024 жылы 1 отбасыға көмек берілсе, 11 отбасыға материалдық көмек көрсетілді. 2023 жылы елді мекендерді көгалдандыру бойынша 220 тал отырғызылса, биыл бірнеше есе аз, яғни 30 тал ғана бой көтерді. Ауыл халқының арманына айналған 10 шақырым кірме жолдың жөндеуі аяқталып, Борық, Плантация елді-мекендерінде әр үйге дейін газ тарту жұмысы жүзеге асырылды. Сонымен қатар, 800 мың теңге көлеміндекөше жарығына қосымша шамдар алынып орнатылды. Мектеп бітіргендеріне 30 жыл болған 1994 жылғы түлектер ауылдың қажеттілігіне 2 ошақ қазанымен, білім ордасына аяқ киім жинайтын 2 шкаф және жатақханаға 50 төсек орын алып берді, - дейді. Сонымен қатар, электр бағаналарын ауыстыру, каналдарды тазартып күрделі жөндеуден өткізу, Аққұс, Борық елді мекендерінің өткелдерін жөндеу, интернет мәселелері, мектеп интернатын жөндеуден өткізу сынды түйткілі проблемаларға да тоқтала кетті.

Ауыл молдасы Өтешов Меңдібек есімді зейнеткер азамат сөз алып, ауылға келетін жаңа тұрғындарды тұрақтандыруға шақырды. Әрі қарай, көпшілік арасында «берілген садақа» яғни жәшікке салынған ақшаның есебі сұралып, кішігірім түсініспеушілік туындады.

Борық елді мекенінен келген Бақтияр Айтқалиев есімді тұрғын жолдарды жөндеу керектігін, ауылға, елді мекендерге отбасыларды тұрақтандырып, бос тұрған үйлерге орналастыруын өтінді. Айтуынша қазіргі уақытты аталмыш елді мекенде 10 үй бос тұр. Жол мәселесі бойынша алдағы уақытта да күтуге дайын екендерін, жеңіл жұмыстарды бастай беруін ұсынды.

Әрі қарай, жергілікті тұрғындараудандық электр торабының басшысы Сәтжан Ғабдуллинге ұсыныстарын тастап, бағаналарды ауыстыру керектігін жеткізді.

Жиын аяқталған соң, округ басшылары тұрғындарды жеке өтініштері бойынша қабылдады. Ауылы бірдің – ауызы бір дегендей, есептік бас қосудың соңында ауыл ақсақалы мен жас азаматтың арасындағы жанжалға куә болып, үлкенге құрмет, кішіге ізеттілікті көрсететін қасиеттен алыстап бара жатқан жоқпыз ба деген ойға қалдық.

Ақерке Ғилымхан,

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале