"Ауылдың гүлденуі – қауымның гүлденуі" демекші, Жаңақала ауылының аумағын абаттандыруға атсалысып, сондай-ақ ауыл тұрғындары арасында эстетикалық мәдениет қалыптастыру мақсатында ауылдық округ әкімдігі биылғы жылы 10 маусым мен 10 қыркүйек айы аралығында «Үздік аула – 2023», «Үздік көше – 2023» байқауын ұйымдастырып, арнайы комиссия құрамын бекіткен болатын.
Комиссия құрамына Жаңақала ауылдық округінің мәслихат депутаттары Жасұлан Жақсымбетов, Бегайым Есенғалиева, Жаңақала ауылдық округі Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Ғайниет Валиев, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Қуат Имашев, аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Ақмарал Сапарова, Жаңақала ауылының учаскелік полиция инспекторы Нұрғиса Дүйсенғалиев еніп, комиссия төрағасы боп Жаңақала ауылдық округінің әкімі Ақан Қапанов сайланды. «Үздік аула» байқауына қатысуға 6 аула, «Үздік көше» байқауына тек 1 көше ғана өтініш білдірді.
Комиссия мүшелері байқауға өтініш берген аулаларды арнайы аралап, байқау қорытындысы Жаңақала ауылдық округі әкімінің тоқсандық есеп беру жиынында жарияланды.
Нәтижесінде "Үздік аула – 2023" аталымы бойынша Сартай Қадырқұл Ғалия Сағынғалиқызы мен Серік Кәрімұлы алғысхатпен марапатталса, Ғиззат Мұратұлының ауласы ең үздік деп танылып, 2 адамға шипажайға жолдама табысталды.
Ал "Үздік көше – 2023" бағамына тек АТП (Автобаза) көшесі қатысқандықтан, еш талассыз бас жүлдеге ие боп, аталмыш көшені одан әрі абаттандыру, балаларға арналған ойын алаңын салу, тағы да басқа мақсаттарға 5 миллион теңгелік қаржылай сертификатқа ие болды.
Марапат иелері ұйымдастырушы алқасы мен аудан әкімдігіне ризашылықтарын білдірді.
Айзада Ақбасова,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz