Жаңақала ауданына қарасты Сарыкөл ауылында еліміздің еңбек сіңірген артисі, өзінің «Ақ баян», «Күрең күз», «Кірмеші жиі түсіме» әндерімен ел есінде қалған күміс көмей әнші Мәдина Ералиеваның 70 жылдығына орай «Сағым жылдар» атты аймақтық ән байқауы өтті.
Мәстексай, Мұқыр, Жаңажол, Жаңақазан, Сарыкөл ауылдарының 18 бен 35 жас аралығындағы өнерпаздары сынға түскен сайыс екі кезеңнен тұрды.
Қазылар алқасы үміткерлердің тақырыпқа сай репертуар таңдауына, шығармашылық дарындылығы мен орындаушылық шеберлігіне, артистік қабілеті мен сахна мәдениеттілігіне және сахналық киім үлгісіне жіті мән беріп, қорытынды шығарды.
Байқау нәтижесінде сарыкөлдік Әйгерім Сәпиева үшінші орын иеленсе, Мәстексайдың үмітін үкілеп келген Ботагөз Хасимова екінші орынның биігінен көрінді.
Әділқазылармен қатар қалың көрерменнің қошеметіне бөленген жаңажолдық Жадыра Айболатова бірінші орынға лайық деп танылды. Ән додасының жүлдегерлері арнайы дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталады.
Айзада Ақбасова
Жаңақала ауданы