Кеше Жаңақала аудандық “Jastar” спорт клубының ұйымдастыруымен баскетболдан ерлер командалары арасында аудандық жарыс өткен болатын. Аталмыш жарыста төрт команда бақ сынап, үшінші орынның биігінен Жаңақала аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің командасы көрінсе, “Jastar” аудандық спорт клубы екінші орынды қанжығасына байлады. “Мешіт жамағаты” командасы бәрінен оза шығып, бірінші орынға табан тіреді.
Сонымен қатар ойын барысында өзін үздік қырларынан көрсеткен топ мүшелері марапатталды. Айта кетсек, “Үздік қорғаушы” номинациясы бойынша – Берік Бекмашев, “Үздік шабуылшы” номинациясы бойынша – Нұрлан Шарафутдинов және “Үздік ойыншы” бағамы Алтынбек Бижановқа бұйырды. Жүлдегерлерге диплом мен естелік сыйлықтар табыс етілді.
Ауданның мерейін асқақтатып, спорт саласын дамытар додалы тартыстар әлі де жалғасын табары анық.
Ақерке Мәлікқызы,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz