Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Атамекен» кіші жобасы аясында Пятимар ауылдық округінде 2 миллион 150 мың теңгеге 5 бірдей жоба жүзеге асып, тұсауы кесілді.
Әр жылғы мектеп түлектері туған ауылдарына тарту ретінде игілікті іс атқарды. Атап айтар болсақ, Пятимар жалпы орта білім беретін мектебінің 1980 жылғы түлектері мектеп бітіргендеріне 40 жыл толуына орай өз қаражаттарына балалар ойын алаңын жасақтап, бүлдіршіндерге тарту етті.
Осы мектептің 1990 жылғы түлектері ауылдың мешітін жөндеп берсе, 2005 жылғы мектеп түлектері терезелерін жаңартып берген. Мектеп бітіргендеріне 25 жыл толған 1995 жылғы түлектер «Азалы ана» ескерткішінің жанындағы мұнараны қалпына келтіріп, жақсылап жөндеп, ауылдың сәнін келтіріп, ажарын арттырып тұрған биік мұнараны тарту етті.
Ал 2000 жылғы мектеп түлектері палуан інілеріне күрес кілемін сыйлады. Шара барысында аудан әкімінің орынбасары Ақнұрлы Нұрғалиқызы осы істі ұйымдастырып басы-қасында жүрген Пятимар ауылдық округінің әкімі Жақсылық Хайреловқа және жобаны қолдаған барша түлектерге алғыс айтып, әр жылғы мектеп түлектеріне аудан әкімінің алғысхатын табыс етті.
Осы игілікті істерді жасауға үлес қосқан түлектердің атынан аға-әпкелеріміз сөз сөйлеп, осындай істер жалғасын таба берсін деген тілектерін білдірді.
Жанайдар Болатбек
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz