Бүгін қырқопалықтар қос қуаныштың куәсі болды. Жаңадан бой көтерген мәдениет үйінде өткен шарада ауылдың қайта құрылғанына 40 жыл толуына тұспа-тұс бес отбасы жаңа пәтерге ие болды.
«Қырқопа – құтты мекенім» атты салтанатты кешке аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаев, орынбасары Ерлан Қажиев, аудандық мәслихат депутаттары, бөлім, мекеме басшылары мен ауыл тұрғындары қатысты. Алдымен мәдениет үйінің фойесінде тақырыпқа сай кітап көрмесі ұйымдастырылып, ауыл кәсіпкерлерінің қолөнер туындылары таныстырылды.
Одан кейін жиылған жұрт залға орналасып, сазды бағдарламаны тамашалады. Алпамыс Жаңабайұлы мерекелік құттықтауын жолдап, аталмыш ауылда кәсіпкерлік өрісі кеңейіп жатқандығының айғағы ретінде жылыжай, қолөнер шеберханасы мен жиһаз салоны үздіксіз халыққа қызмет атқаруда екенін тілге тиек етті.
Содан соң халықтың әлеуметтік осал топтарына екіпәтерлі екі үй мен бірпәтерлі тұрғын үйдің кілтін табыс етті.
Үйлі болған жанның бірі Жайлан Нағымғалиева:
– Жаңақала ауылынан көшіп келдім. Бұған дейін біреулер үшін баспанаға айналған комхоз кеңсесінде сегіз жан болып тұрдық. Бүгін жалғызбасты ана санатымен жаңа қонысқа қол жеткізіп отырмын. Өте қуаныштымын. Бұл үйде анам, бауырларым, екі қызыммен тұратын боламын. Ауыл әкімі Абзал Ғайноллаұлы келер жылы жұмыспен қамтуға уәдесін берді. Осындай ел игілігіне жүзеге асатын шаралар жалғасын таба берсін. Аудан, ауыл басшыларына отбасым атынан ризашылығымды білдіремін, - деп алғысын жеткізді.
Мерекелік концертке ұласқан шарада Қырқопа ауылының өркендеп, дамуына атсалысқан бір топ азамат мерейтойлық төсбелгімен марапатталды.
Әлия Мұхамеджанова жетекшілік ететін «Салтанат» би ұжымы қазақ биін орындап, аудандық мәдени-демалыс орталығының өнерпаздары әнмен әрлеп, бимен көмкерді. Кеш атаулы күнге орай жерлес ақын Мұнайдар Балмолданың сөзі мен осы ауылдың топырағынан түлеп ұшқан композитор, әнші Ербол Ақбасовтың әніне жазылған «Ауылым, ардағым» әнімен мәресіне жетті.
Айзада Ақбасова
Жаңақала ауданы