9.05.2025, 20:49
Оқылды: 194

Жаңақалада дүбірге толы дала қызықтары өтті

Бүгін атшабар алаңында Жеңіс мерекесінің 80 жылдығына орай дала қызықтары өтті. Алдымен мәдени-демалыс орталығы қызметкерлерінің сазды бағдарламасынан соң, шара шымылдығы ашылды. Иә, ат бәйгесі десе, делебесі қозбайтын қазақ жоқ шығар, сірә. Ауа-райының құбылмалы болғанына қарамастан жиналған халықтың қарасын қиқулаған дауыстарынан аңғаруға болады.

photo-output

Әрі қарай, спорттық жарыстармен жалғасын тапты. 3 шақырымнан тұратын тай жарысының шабандоздары сапқа тізіліп, көнеден жібі үзілмей келе жатқан ат бәйгесін бастап кетті. Желмен жарыса шауып, даланы дүбірге бөлеген ат жалындағы бәсекелі дода нәтижесінде 32 нөмірлі шабандоз Миразат Айсұлтан Дауылпаз есімді жорғасымен (Айдархан ауылы) үшіншілікке (80 000 теңге ақшалай сыйлық) табан тіресе, 88 нөмірлі қырқопалық Саид Мендіханов (100000 теңге ақшалай сыйлық) Шулат есімді жүйрігімен екінші орынға аяқ басты. Бірінші орын Көктеректен келген 82 нөмерлі қара жердің шаңын шығарған жүлдегер Мерей Қанаевқа (Желқара тұлпары) (150 000 теңге ақшалай сыйлық) бұйырды. Содан соң, 12 шақырым бойына жұп жазбай, сәтті еңсерген тұлпарлар да құр алақан қайтпады. Топ бәйгенің қорытындысы бойынша, қыза келе арғымағына қамшы басқан Ерген Абайұлы (Пятимар ауылдық округі) (250мың теңге ақшалай сыйлық) мәре сызығын бірінші кесіп өтті. Сәйгүліктің нағыз бақтасатын тұсы да келіп жеткендей. 18 шақырымнан тұратын “Аламан бәйгеге” барлығы 5 жүйрік бақ сынады. Ат тізгінін зорға тежеп тұрған шабандоздар төрешінің белгісінен кейін көз ұшында сағымға айналып бара жатты. Өзгелерді шаң қаптырып, бас бәйгені жеңіп алған 30 нөмірлі Бірлік ауылдық округінің намысын асқақтатқан Әкежан Боранбай жеңіс тұғырын бірінші аттады. Соңғы айналымдарда алдына қара салмай, мәреге дара келген жеңімпазға 400 000 теңге қаржылай сыйлық табыс етілді. Сондай-ақ, бәйгенің көркін қыздырып, ат құлағында ойнаған 32 нөмірлі Айсұлтан Миразат (300 000 теңге ақшалай сыйлық) Көгершін есімді жүйрігімен екінші болып ілесе шапса, 9 нөмірлі Мереке Сейдолла (250 000 теңге ақшалай сыйлық) Каре жүйрігімен үшінші болып көзге түсті. Иә, бұл тек шабандоздардың ғана емес, жүйрікті баптап, жарысқа қосқан бапкердің де еңбегі. Осы орайда айдархандық Ишановтар әулетінің сәйгүліктерінің де көзге түскенін айтпасқа болмас. Гір көтеру бойынша Жасқанат Сыралиев үздік деп танылса, арқан тартыс ойынында 1993 жылғы жігіттер командасы қарсыластарын жеңіп, біріншіге лайық деп танылды. Айтулы жарыстың бірі - қой көтеру бойынша Қолқанат Серіков мықтылығын танытып, 40000 теңге сыйақыны жеңіп алды. Белдескен балуандарға да кезек келіп, шарша алаңды қаптаған жанкүйелердің дауысы қатысушыларға демеу берді. Нәтижесінде, өңір спортының дамуына үлес қосып жүрген белгілі спортшы Ерасыл Жайсаңұлы қарсыластарын тізе бүктіріп үздік біріншілікке қол жеткізді.

photo-output

Сонымен қатар, алаң барысында түрлі тағамдар сатылып жатты. Әсіресе, дәмі тіл үйірер кәуәптар мен қуырдақтың өту науқаны ерекше еді. Тауық етінен дайындалған кәуәптар 1200-1800 теңге аралығында болса, қой етінен 1500 -2000 теңгені құрады. Көңілді тарқасқан халықтың жүзіне қарап-ақ, дала қызықтарының өту деңгейін аңғаруға болады.

Ақерке Мәлікқызы
Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале