Кеше Жаңақала ауданы әкімдігінің қолдауымен, аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі мен «Жастар» спорт клубының ұйымдастыруымен дзюдо күресінен 2008-2009 жылы туған ұлдар мен қыздар арасындағы Батыс Қазақстан облысының чемпионатының ашылу салтанаты өтті.
Жарысқа қатысушы командалар шақырылғаннан кейін, төрешілер мен қонақтар таныстырылып, Мемлекеттік Гимн орындалды. Тартысты додаға барлығы 12 команда қатысатын болады. Ашылу салтанатына аудан әкімі Алпамыс Жаңабайұлы, аудан әкімінің орынбасарлары Ерлан Еркінұлы мен Руслан Қонысбайұлы, БҚО жасөспірімдер арасындағы аға жаттықтырушы Алтынбек Сыйлыбайұлы, БҚО чемпионатының бас төрешісі Ришат Молдашев, БҚО чемпионатының бас хатшысы Мереке Айтқалиев, аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Жайсаң Ахметұлы және бөлім басшылары мен мәслихат депутаттары, команда жетекшілері мен жаттықтырушылар қатысты.
Аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаев пен БҚО жасөспірімдер арасындағы аға жаттықтырушы Алтынбек Сыйлыбайұлы құттықтау сөз алып, барша қатысушыларға сәттілік тіледі. Әрі қарай, аудандық мәдени демалыс орталығының қызметкері, әнші Қуанышбек Айдарбекұлының орындауындағы «Спорт» әні шырқалып, спортшылар дайындықты бастады. Алдағы уақытта белдескен дарынды жастардың ойынын тамашалайтын боламыз.
Ақерке Ғилымхан,
Жаңақала ауданы